Полицейлер оқушыларға құқықтық білім беріп, дәріс өтті
Бүгін - Білім күні! Яғни еліміздегі барлық мектептер есіктерін айқара ашты. Оқу орнының табалдырығын енді аттаған жеткіншектен бастап, бітіруші түлектерге дейін жүздеріне қуаныш ұялап, ұстаздарымен қауышуда. Ал облыстың тәртіп сақшылары күздің алғашқы мерекесі қарсаңында, өңірдегі барлық мектептерге барып, оқушыларды, мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылығы, жеке құрамы таңғы сағат 07:00-ден бастап, қызметте тұр. Полицейлер сабақ өтіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков, облыс орталығындағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларына слайдтар, көрнекіліктерді пайдалана отырып, арнайы дәріс өтті.
Лекцияда қылмыстық жауаптылықтың жасы, есірткі қылмысының алдын алу, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып қалмау және өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінуге болады?-деген тақырыптар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Яғни оқушыларға құқықтарын қорғау үшін енгізілген өзгерістер, қылмыстық жауаптылық басталатын жас мөлшері, есірткі заттарын тұтынудың денсаулыққа тигізетін зияны жайында кеңінен айтылды. Дәл осындай лекция №17 Ататүрік атындағы мектепте де ұйымдастырылды. Онда Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов дәріс өтіп, қылмыстың алдын алу, болдырмау, жақсы әдеттерді бойына сіңіру, жаманнан жирену секілді мән-маңызы зор әңгіме өрбітті. Жасөспірімдермен тілдесіп, ашық сұқбат өткізді. Өз кезегінде оқушыларда, мектеп мұғалімдері де полицейлердің жұмысын жоғары бағалап, әрбір ақыл-кеңесі, құқықтық білімі үшін алғысын жаудырды.
Бұл іс-шаралар туралы полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков: «Білім күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Оқушылар, біз Полиция департаментінен арнайы келіп тұрмыз. ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов барлық орта білім беру мекемелерінде «Жалпы құқықтық білім беру сабағын» өткізуді тапсырған болатын. Сондықтан Сіздер үшін, Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін білгенімізді үйретіп, заңды түсіндірудеміз. Айтарым, жаман әдеттерден аулақ болыңдар, есірткі қылмысына жол бермеңдер. Қылмыстың өтеуі – жаза! Қылмыссыз қоғам құруда, Сіздердің де үлестеріңіз мол! Біз Сіздерге сенеміз!»-деп атап өтті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі