Тойда жаңғақ жұтып қойған үш жасар бала көз жұмды
Шығыс Қазақстан облысы Көктал ауылындағы мерекелік кеш қайғылы оқиғамен аяқталды. Той үстінде жаңғақ жұтып қойған үш жасар бала көз жұмған. Ақпаратқа қатысты өңірдегі полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 11 қарашада Үржар ауданының полиция қызметкерлері Көктал ауылында 2018 жылы туған баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
- Істі тергеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство тергеу мүддесіне сәйкес басқа деректер жария етілмейтінін хабарлады.