Тоқаев: «Шала жұмыстар кесірін тигізбеу керек»
Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында ұлттық жобаларды қаржыландыру мәселесі қарастырылды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
- "Қаржыландыруға қатысты мәселе бар. Презентацияға сәйкес, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру шығынының бір бөлігін көтеру, яғни 3,3 триллион теңге қаржы бөлу жергілікті бюджетке жүктеліпті. Бұл аз қаражат емес. Жергілікті бюджет бұған дайын ба? Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бюджетаралық қатынастардың нақты механизмдерін анықтап алу керек", – деді президент.
Тоқаев жеке инвестицияларға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, ұлттық жобаларды қаржыландыруға қажетті 49 триллион теңгенің 33 триллионы немесе жалпы соманың 67 пайызы бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі.
- "Бұл қаржылар егжей-тегжейлі пысықталып, нақты жобаларға бағытталған және қаржыландыру көздері анықталған деп ойлаймын. Жеке инвесторлармен арадағы шала жүргізілген жұмыстардың кесірінен ұлттық жобалардың жүзеге асырылмай қалуына жол бермеу қажет. Жеке инвестицияларды тиімді тарту мәселесі бюджет қаржысын ақылға қонымды пайдалану сияқты маңызды екенін естеріңізге саламын", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев талқылаулар мен президент әкімшілігінің ескертпелерін ескере отырып, жалпы ұсынылған ұлттық жобаларды мақұлдауды ұсынды. Үкіметке бекіту туралы тиісті қаулыны екі апта ішінде қабылдауға тапсырма берілді.
- "Үкімет пен Агенттік сараптама қоғамдастығы мен халық арасында тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн. Айтылуы мүмкін сындарға нақты әрі жедел жауап беру қажет. Үндемей қалуға болмайды. Конструктивті диалог жүргізу керек. Ұлттық жобалар бекітілгеннен кейін бірден жүзеге асыруға кірісіңіздер", - деп тапсырды мемлекет басшысы.
Президент ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына қарай олардың орындалу барысын қарастырып, қажетті шешімдер қабылдайтынын атап өтті.