Оңтүстік Корея президенті қазақстандықтарға алғыс айтты
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары Ге Бонг У, Хван Ун Ден мен генерал Хон Бон До мүрдесін қайтаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Инге корей жерінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесудің қазақ-корей қарым-қатынасына тың серпін бергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі екенін айтты.
- Бүгінде Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotto, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын айтты.
- Сізді көп күткен аса қадірлі қонақ ретінде күтіп алғаныма қуаныштымын. Біздің кездесуіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Корей Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны аса маңызды, - деді Президент Мун Чжэ Ин.
Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Дена және генерал Хон Бон Доның сүйектерін тарихи Отанына жеткізуге ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді.
Мун Чжэ Ин екі елді байланыстыратын ерекше қарым-қатынастарды айтты.
- Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз, - деді Оңтүстік Корея Президенті.