Елорда атауын өзгерту үшін қанша қаражат кетеді
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов елорда атауын өзгерту үшін қанша шығын кетеді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Журналистер Нұр-Сұлтан қаласын Астана деп атау үшін қанша қаражат кетеді және ол ақша қандай бюджеттен бөлінеді деген сұрақ қойды. Қаналимов бұл сұраққа нақты жауап бермесе де, цифрлық құжат айналымын алға тартып, «аса көп қаражат кетпейді» деген ойын жеткізді.
«2019 жылы әкімдік тарапынан маңдайшаларды, бланкілерді, мөрлерді өзгертуге 30 млн теңге жұмсалған. Ал соңғы үш жылда барлық мемлекеттік органдар цифрлық құжат айналымына көшті. Менің ойымша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескере отырып, биылғы жылы шығындар әлдеқайда аз болады. Себебі қазір көптеген мемлекеттік орган ресми бланкімен ештеңе жібермейді. Барлығы ЭЦҚ қолданады», - деді мәслихат хатшысы.
Ерлан Қаналимов атап өткендей, елорда атауын өзгерткен жағдайда орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен, ал жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет есебінен қаржы алады.
Айта кетейік, елорда мәслихатының депутаттары онлайн-форматта қоғамдық талқылау өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын беру мәселесі талқыланды.