Түйіткілді мәселе шешімін тапты
Естеріңізде болар өткен жылы ауданымызда 11 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары бастау алған болатын. Республикалық «ҚазСуШар» мекемесінің теңгеріміндегі нысандардың өтпелі құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталу жоспарлануда.
Аталған каналдардағы құрылыс жұмыстары биылғы егіндікті суару маусымына әсер етіп, диханшылық және мал асыраумен айналысып отырған тұрғындарға қиыншылық тудырып отырған-ды.
Мәселенің бар маңыздылығын ескере келе аудан әкімі Нұрлан Байғұт «ҚазСуШар» мекемесінің жаңадан тағайындалған облыстық басшылығын ауданға арнайы шақыртып, өзекті мәселенінің шешу жолдарын тұрғындармен бірге талқылаған болатын.
Міне, арада көп ұзамай тұғындармен кездесуде белгіленген уақыт ішінде аталмыш мәселе шешімін тауып, тұрғындар өтініші қанағаттандырылды. Атап айтқанда, Арыс ауылдық округіне қарасты «Қызыл», Кемербастау ауылдық округіне қарасты «Ұзын», Тастұмсық пен Жаскешу ауылдық округтеріне қарасы «Жоғарғы» және «Төменгі» каналдарына ағын су жіберілді. Алдағы күндері басқа да су нысандарына кезең-кезеңімен су жіберіледі.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі