«Меніңше халықты арандату!» - Имашев (Instagram жазба)
Айтыскер Балғынбек Имашев француз жазушысы Александр Дюманың "Үш ноян" романындағы әуенге ұқсас өлең шығарды. Ол өлең ішінде елді жайлаған парақорлық пен мансапқорлықты, жағымпаздықты тілге тиек етті. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Елді аздырып, мемлекетті тоздырып, адамды қор қылатын қоғамның күллі дерті қорлық деген жалғаудан тұрады.
Мысалы: Мансапқорлық, Жемқорлық, Нашақорлық, Зинақорлық, Өсімқорлық, Парақорлық, Жалақорлық, Бәлеқорлық, Дүниеқорлық деп кете береді. Аллаға құл болмаған пенде, әрнәрсеге құл болады екен де осы қорлықтардан құтыла алмай, дүниеде зор болса да, ақыретте қор болып тозаққа тасталады екен. Д' Артаньян мен үш ноянның киносы естеріңізде ме? Пара-пара-парадуемся дейтін әндері бар еді ғой. Қазір барлық жерде пара жүріп тұр. Сол әнді қазақшалап, әуенін білсеңіздер бірге айтып көрейікші.
Нояндардың әнімен:
Қайда барсаң көптің үні зарлаған,
Селт ететін үкімет жоқ ондайға.
Онсызда карантинді ел қарғаған,
Вакцина салмай-ақ қойсаң болмай ма?
Пара-пара-парақорлықтан
Шаршады қауым,
Шенеунік атаулының
Таба алмайсың сауын.
Жағым-жағым-жағымпаздықтың
Батпағына бату -
Сүйек-саяқ үшін елін сату!
Керек халыққа теңге - селяви
Қаһармандар керек оған мың есе!
Сайланатын күн жақын тура би,
Халық соның тілеуін шын тілесе!
Панде-панде-пандемиядан
Шаршады халық,
Несиеге шырмап ап,
Қанап отыр Банк.
Салдым-салдым-салдым екпе деп,
Көп жарнамалату -
Меніңше халықты арандату!
Арандату! Арам қату! - дейді Балғынбек Имашев.