Ауыл әкімі бес баланы өрттен құтқарып қалды

Oinet.kz 13-12-2020 1062

Ақтөбе облысындағы ауыл әкімі Нұрдәулет Смағұлов бес баланы өрттен құтқарып қалды. Бірақ жас әкім балаларды мен емес, халық болып құтқардық дейді. Tengrinews.kz тілшісі Сұлукөл ауылының әкімімен сөйлесіп, өрт туралы сұрап білді.

Ауыл әкімі.jpg

Нұрдәулет Смағұлов 1991 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылында дүниеге келген. Бала кезінде отбасымен сол аудандағы Ақтасты ауылына көшіп, сонда өскен. Ақтөбеде Бәйішов атындағы университетті "қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Смағұлов еңбек жолын Әйтеке би ауданы Қайрақты ауылдық округінің бас маманы қызметінен бастаған. Кейін Сұлукөл ауылының әкімі қызметіне тағайындалған.  

"2017 жылы 12 желтоқсанда Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылдық округінің әкімі қызметіне келдім. Ертең осы өңірді басқарып келе жатқаныма үш жыл болады. Үйленгенмін, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын. Қолымда анам бар, әкем 7 жасымда қайтыс болған. Отбасыммен бірге осы ауылда тұрып, өңірді көркейтуге тырысып жатырмын", - дейді ол.

Нұрдәулет Смағұлов - облыстағы ең жас әкімдердің бірі, жасы 29-да. 2018 жылы облыстағы ең жас әкім болып танылған.

Қазір ол басқаратын Сұлукөл ауылында 564 адам тұрады. Кеше осы шағын ауылды дүр сілкіндірген оқиға болды. Бір үйден өрт шығып, ішінде бес бала қалып қойған. Өртті алғашқылардың бірі болып Смағұлов көрген екен.

"Жергілікті уақытпен сағат 10:40 шамасында әкімдік терезесінен бір үйден түтін шығып жатқанын байқадым. Көрген бойда әкімдікте қоғамдық жұмыстармен айналысатын қызметкерлерді шақырып, өрт шыққан үйге қарай жүгірдім. Үйге кіріп келсем, отбасының бастауыш сыныпта оқитын үлкен ұлы "мама" деп жылап отыр. Одан кейінгі баласы мектепке дейінгі сыныпта оқиды, қалған үш бала әлі кішкентай. Балаларды сыртқа алып шығу үшін көрпе іздей бастағанмын. Артымнан әкімдікте істейтін жұмысшылар да кіріп, балаларды сыртқа алып шықтық. Сол кезде балалардың ата-анасы да келіп үлгерді. Үйге дүкен жалғанған болатын. Үй мен дүкен ішіндегі заттарды, құжаттарды алатын мүмкіндік болмады. Себебі үй қожайындары дүкен есігін ашып қалғанда өрт үйді толығымен алып кетті. Газ баллоны бар еді, оны да шығара алмадық. Адамдардың қауіпсіздігі үшін оларды үйден алысқа қарай алып кеттік", - дейді ауыл әкімі.

Сұлукөл ауылы аудан орталығынан 150 шақырым жерде орналасқан. Алапат өрт болса, ауданнан өрт сөндірушілер бірден жете алмайды. Бұл жолы да солай болған. Бірақ көрші ауылдар келіп, өртпен күресуге көмектескен. Бес бала құтқарылды, бірақ үй мен дүкен түгел өртеніп, барлық құжат соның ішінде қалып қойған.  

"Осы уақыт ішінде балалардың ата-анасы қайда болды деген сұрақ туындайды. Үй иесінің ауылда және ауданда дүкендері бар. Кішкентай бес бала - оның немерелері. Ұлы мен келіні ауданнан ауылға жеткізілген заттарды күтіп алу үшін 15 минутқа шығып кеткен. Сол 15 минутта осындай жағдай болып отыр", - дейді Нұрдәулет Смағұлов.

Қазір отбасының жағдайы жақсы, балалар да зардап шекпеген. Әкімнің айтуынша, отбасы баспанасыз қалмады.  

"Олар ауылдан қалаға қоныс аударған туысының үлкен үйіне көшкелі жатқан. Үйге газ бен су (ауылға биыл су тартылып жатыр - авт. еск.) кіргізіп, көшуге дайындалып жатқан еді. Ал қазіргі үйін үлкен дүкенге айналдыруды жоспарлап отырған. Өрт туралы ақпарат желіде тараған кезде "Ақша жинап берейік, бес бала далада қалып қойды" дегендер болды. Бірақ бұл отбасы далада қалмады, жағдайы бар, еш нәрсеге мұқтаж емес. Дегенмен, ауыл халқы болып жиналып, ақшалай көмектесіп жатырмыз", - дейді ол.

Ол бұл жағдайда балаларды уақытында құтқарғандарына қуанышты екенін айтады.

"Өрт шыққан үй әкімдік көшесінде орналасқан. Біз жеткенде үйде от жалыны қатты болып жатты. Балаларды алып шыққаннан кейін өрт күшейе түсті. Желіде жазылып жатқандай мен ғана емес, халық болып құтқардық. Бірі кіріп, бірі шығып, балаларды аман алып қалдық. Интернетте "Әкім бес баланы өрттен құтқарды" деген ақпарат шыққанда, ыңғайсызданып қалдым. Себебі ауылымда бір үйден өрт шығып, қайғырып жатқанда, мен абырой жинап жатқандай болдым", - дейді Нұрдәулет Смағұлов.

Әкімнің сөзінше, өрттің қалай шыққаны әлі тексеріліп жатыр. Кеше ауылда таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жарық болмаған. Себебі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сымдарды ауыстырып жатыр екен. Сондықтан мамандар өрт электр тогынан болмағанын айтады. Ал қазір ауданнан арнайы техника келіп, күйігі қалған үй орнын тегістеп жатыр екен.

ОҚО-ның экс-әкімі, академик Қалық Абдуллаев дүние салды
Елбасыға арналған фильмнің жалғасы шығады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу