Hazret Sultan Airport іске қосылды

Oinet.kz 30-11-2020 720

Іргетасынан бастап жаңадан салынған Қазақстандағы алғашқы Түркістан әуежайы ел игілігіне пайдалануға берілді.  Жаңа халықаралық әуежай арқылы бірінші кезеңде «Fly Arystan», «Qazaq Air» және «SCAT» қазақстандық әуе компаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына күнделікті рейстер орындайтын болады. Және де  түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістан Қазақстанның басқа облыс орталықтармен байланыс орнатады.

Ең алғашқы рейсте Нұр-Сұлтан  – Түркістан бағытында 168 билет, Түркістан – Нұр-Сұлтан рейсіне 161 билет сатылды. Тарихи сәтті, яғни әуежайға алғашқы жолаушы ұшағының қонуын облыс басшылығы, БАҚ өкілдері мен жолаушылардың туған-туыстары тамашалады. 

– Бүгін біз Түркістан халықаралық әуежайына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне тұспа-тұс келген алғашқы рейстің орындалған тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы да қаладағы туризм саласының қарқынды дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Алдағы уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтанға аптасына алғашқы этапта 6 рейс, Алматыға аптасына 4 рейс жиілікпен әуе рейстері орындалады, – деді салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.

 5 желтоқсаннан бастап Алматыдан әуе қатынасы ашылады. Нұр-Сұлтан қаласына әуе билетінің құны 6999 теңгеден, Алматыға 5999 теңгеден басталады. Халықаралық әуежай сағатына 450 жолаушыны қабылдап, жылына 3 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайдың ұшу-қону жолағының параметрі барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бірінші бой көтерген заманауи әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ИКАО мен ИАТА-ның кодтары берілген. Жаңа әуежай түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласын әлемнің ірі қалаларымен жалғастыратын байланыс желісіне айналмақ.

– Түркістан – бұл жыл сайын мыңдаған туристер келетін Қазақстанның рухани астанасы. Жаңа Hazret Sultan Airport-ы ашылып, қауіпсіз және заманауи FlyArystan ұшақтарымен әуе қатынасының басталуымен ұлы Жібек жолының көрікті жерлеріне қатынау қолжетімді болды. Біз туристердің жиі саяхаттап, Қазақстанның таңғажайып мұраларын ашқанын қалаймыз, – деді алғашқы рейспен Түркістанға ұшып келген «Air Astana» президенті Питер Фостер.

Түркістан әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізіледі. Бұл әуежайдың ұшу географиясын кеңейтуге және шетелдік туристерді тартуға ықпал етеді. Халықаралық бағыттардың ішінде ең алдымен Ыстамбұл, Дубайға рейстер ашу жоспарланып отыр. Болашақта саланың қалпына келуіне қарай Мәскеу, Баку, Самарқанд және басқа қалаларға рейстер ашылатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекциялық комиссиясы Түркістан қаласының әуеайлағына сертификаттық тексеру жүргізді. Инспекторлар ұшу алаңын, өндірістік базаны, әуежай персоналының жасақталуын, әуежайды жарақтандыруды, техникалық база мен жабдықты сертификатталуын, әуеайлақ басшылығын және барлық қызметтер мен жабдықтардың құжаттамасын зерттеуден өткізді. Осылайша әуеайлақтың жарамдылығы сертификатын алған Түркістан әуежайы барлық талапқа сай деп танылып, ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды.

Экс- вице-премьер 530 гектар жерді қайтарады
Көктал - үздік шаруа қожалығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу