«Қазақстанда зейнетке шығу жасы төмендетілмейді» - Мамин
Елімізде зейнетке шығу жасы төмендетілмейді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарына берген ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұған дейін халық қалаулылары үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, онда қазақстандықтардың зейнетке шығу жасын әйелдер мен ер азаматтарға 60 жастан басталатындай етіп төмендетуді сұраған болатын.
Еске сала кетейік, Қазақстанда зейнетке ер адамдар 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста шығады. 2027 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа жеткенше жыл сайын алты айға ұлғайтып отыратыны белгілі.
Депутаттардың пікірінше, жоғарыда аталған шара өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге ықпал етіп қана қоймай, экономикалық дағдарыс кезіндегі экономикалық өсудің қолайсыз болжамдары мен жұмыссыздықтың өсуі жағдайында еңбек нарығына оң әсер етеді.
- Қазіргі экономикалық жағдайды, халықаралық тәжірибені, экономикалық және демографиялық факторларға негізделген ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарды ескеретін болсақ, зейнеткерлік жасты ұлғайту - қажеттілік болып табылады. Сонымен қатар, зейнеткерлер санының жұмыспен қамтылған халық санына қатынасы өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Егер 2010 жылы 1 зейнеткерге орта есеппен 4,8 жұмысшы болса, 2015 жылы - 4,3 жұмысшы, ал 2019 жылы - 3,9 жұмысшы болған.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге шолу еңбек нарығындағы жағдайға әсер ететін егде жастағы адамдар үлесінің өсуіне қатысты тұрақты тенденцияны көрсетеді.
Орташа есеппен алғанда, әлемде 65-тен асқан адамдардың үлесі 10% -дан астамға өседі деп болжануда (2000 ж. 14,3% -дан 2040 ж. 25,7% -ға дейін), бұл өз кезегінде зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығына әсер етеді. Осыған байланысты көптеген елдерде зейнетке шығу жасы көтерілуде.
Анықтама: Мысалы, Ресейде 2019 жылдан бастап 2028 жылға дейін ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы 5 жылға біртіндеп ұлғаяды.
2017 жылы Әзірбайжанның зейнетақы заңнамасына ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы біртіндеп 60-тан 65 жасқа дейін көтерілетіні туралы түзетулер енгізілді. Грузияда ерлердің зейнетке шығу жасы 65 жас, әйелдер үшін 60 жас. Латвияда ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы 2014 пен 2025 жылдар аралығында 62-ден 65 жасқа дейін біртіндеп ұлғаюда. Беларусьте 2017 жылдан бастап ерлердің зейнет жасын 60-тан 63 жасқа дейін, әйелдер үшін 55-тен 58 жасқа дейін біртіндеп ұлғайту жоспарлануда.
Осылайша, зейнеткерлік жасты көтеру халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып жатқан экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес жүргізілуде, - делінген ресми жауапта.