СҚО тұрғындарына түнде үйлерінен шықпауға кеңес берілді
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар аудандары қосымша шектеулер енгізілді. Олар 9 қарашадан бастап күшіне енеді. Тиісті қаулыға облыстың бас санитар дәрігерінің орынбасары қол қойды, деп хабарлайды Oinet.kz.
Құжатқа сәйкес, 9 қарашада сағат 00.00-ден бастап Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы аумағында карантиндік шектеу шараларын күшейту қарастырылған. Атап айтқанда, бұл отбасылық іс-шараларды және көршілердің, таныстар мен туыстардың бір-бірінің үйіне баруын шектейді. Қоғамдық орындарда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан артық топ жүруге болмайды.
Міндетті түрде бетперде тағып жүру қажет. Өңірдің барлық тұрғындарына, әсіресе 65-тен асқан адамдарға, аса қажет болмаған жағдайда сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін тұрғылықты үйінен шығуға кеңес берілмейді. Осы күннен бастап Петропавлдан және Қызылжар өңірінен адамдардың кіріп-шығуына тыйым салынады. Коронавирустың теріс нәтижесі бар анықтамасы (жарамдылығы 3 күн) болған жағдайда ғана бұл елді мекендерге кіруге рұқсат берілген. Жұмысқа жұмыс берушінің мөрмен расталған ақысыз үлгідегі куәлігімен ғана баруға рұқсат етіледі. Бұл елді мекендердің периметрі бойынша бекеттер қойылады.
Сауда орталығының жұмысы дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектелген, сенбі-жексенбіде жұмыс тоқтатылуы керек. Қоғамдық тамақтандыру орындары келушілерді дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін қабылдап, сенбі-жексенбіде тек тағамды үйге жеткізумен айналысады. Жәрмеңкелер жұмысы тоқтатылды.