«Менің елбасым», «менің мемлекетім» деген ұғымдар ұмытылды» - Мұхамеджан Тазабеков

Oinet.kz 06-03-2018 1854

Біз – соңғы уақыттарда, ұзақ жылдар бодандықта болып, өз мемлекетімізді құра алмадық. Қауымның ішінен шыққан жалғыз басшыға бүтін ел болып бағынып, дербес саясат жүргізе алмадық.

image.png

Тарих бетінде тұр – ауызбіршілік болмады, алауыздыққа көп жол бердік. Сөйттік те, жеңілдік. “Алтын орданың” мұрагері бола тұра мұратымызға жете алмадық, менбілермендік пен менмендіктің жібін үзіп кете алмадық.

Аз дұшпан айласын асырды, көп дұшпан дегеніне көндірді. Тарыдай шашырап, әр түрлі тағдырдың талайына ұшырадық.

Ұмытылды…

Ұзақ уақыт құлдықта болғандықтан, санамыздан «менің елбасым», «менің мемлекетім» деген сынды ұғымдар ұмытылып, “төл тұлғаға” бойсұну деген сезімдер жоғалып кетті. Иә, біз “тайпалық толеранттылық”, “рулық іштарту” секілді байланысты сақтадық. Жер бетінде аман қалу үшін жерлестік қарым-қатынасты да жек көрмедік. Әлі күнге “жерлесім” десе, бөркімізді атуға дайынбыз. Руласымыз қызметке тұрса руxтанып қаламыз. Ағайынның аты шапса, тақым қысамыз. Қоңсымыздың қойы егіз тапса оған қуанамыз.

 Бірақ «бұл – менің мемлекетім, елбасым-елімнің егесі, оның мәртебесі – менің мәртебем, елбасына айтылған ауыр сөз – маған да қатысты ғой» деп ойлай алатын деңгей, өкінішке қарай, әр қазақтан табылмай тұр.

Руымызды боқтатпақ түгілі, қоқырайғанның қолында өлуге бармыз.

Ал, “мемлекетім, менің ұлтым”, деген жерде, “біткен елміз ғой”, “шіріген жүйе ғой”, “бәріне билік кінәлі”, деп, отырған бұтақты қиып жіберуге, “не болса о болсын”, деп, ортақ киізді тіліп жіберуге даяр тұрамыз.

Күйеу баламыз кеденші болса қызымызды бермейтіндей, құдамыз генерал болса, үйіне бармайтындай, жоғарыдағы жолы болғанның көбін жемқор, әлдінің бәрін әділетсіз көреміз.

Әйтседе, мемлекеттік мекемелерге барғанда, сонда істейтін танысы кездессе, айналып өтіп танымайтын терезеге барған пендені кезіктірмедім.

Жоғары жылдамдықпен жүріп қойып, “жолпол” тоқтатқан кезде “жіберіп қалар ма екен”, деп, жұмсақ жымиып, оның заң талап етпеуін іштей дәметіп, “тар жерде танып қап, босата қояр ма екен”, деген емексу екінің бірінің ойында жүрген пендешілік емес пе?.. “.

Өтірік өкпе

“Әркімнің өз мақсаты керегінде…” деп, Абай xаким айтқандай, Елбасына екілене тиісіп, билікке іші жылымас боп алғандардың елмен арласып жүргенде бірнеше түрін көрдім.

Бірі, “қисық-қыңыр боп, биліктің қабырғасына тізеңді тақап, мазасын алып, бүйі тигендей қып, бар екеніңді байқатып отырмасаң, биіктегілер басынады. Қолқаңа құлақ салмайды. Қоясын ақтарып,қорқытып отырсаң ғана, берерімен бөлісіп, беделіңді қаперіне алады”, деген түсінікпен жүргендер.

Екіншісі, кішігірім биліктің дәмін татып, кісі жұмсап, талтайып тұрып, шалқайып сөйлеп үйренгендер. Одан да биік жотаға жоғарылаймын, деп, жүргенде әртүрлі себеппен жолы жабылып, қолы қағылғандар.

Олар да, билікке деген өкпесін, мансапқа құштар пендешілігін “xалықтың қамы, көптің талабы” сияқты перделердің артына жасырып, соққысын жасап, есебін түгендейді. Жазатайым жолы бола қалса, түр-түсі де, күлкісі де өзгере қалатынына күмәніңіз болмасын.

Үшіншілер, алпауыт елдердің астауынан жем жеп, аттың қамытын тайға кигізгісі кеп, түйменің көзіне түйелі кісіні кіргізгісі кеп, таңертең еңбектеген баланы тал түсте жүргізгісі кеп жүргендер.

Тариxы мен танымы бөлек, қуаты мен қарымы бөлек дамыған елдердей бола қоймадың, деп, кеше ғана “жердің жайына қарай көшіп-қонып, малдың жайына қарай өсіп-өніп, айғыры шауып, биесі тауып, етті қазанға сап қойып, шежіре шертіп, әңгіме айтып отырған”, қамсыз қазақтың қарекетшіл, жинақы болмағына сабыр қыла алмай, састыртатындар.

Сырттан таңылатын танымдар мен ақпараттарды арқалап келіп, өз жұртына “жау сағынған” жарамсақтар.

“Әкеңді жақсы көресің бе, жоқ, шешеңді жақсы көресің бе?» деп баланың басын қатыратын бәтуасыз адамдардай «билікпен біргесің бе, жоқ, халықпен біргесің бе?» деп көпе-көрнеу қауымды екіге бөлетін түсініктегілер.

Төртіншілер, Абай атамыз айтпақшы, “көзінен басқа ойы жоқ”, естігені мен көргеніне ғана сенетіндер. Жеткен ақпарат өсек пе, ақиқат па, анығын қажет етпейтіндер.

Отының басына сөзін өткізе алмай отырып, отандық мәселеге шешім айтатындар.

Тағдырға кеткен есесін клавиатураны қақырата басып, әлеуметтік желінің әлімжеттілігін пайдаланатындар, интернет иінінде отырып алып, аты шыққанның алқымына жармасып, аты шапқанның артынан тас лақтыруды “азаматтық парызым”, деп есептейтіндер. Атам қазақ айтпақшы: “Көш кері бұрылса, ақсақ түйе алдыға шығады”.

Көсем мен шешен, текті мен бетті атылып-сатылып, сапамыз кеткелі, қарғалығына қарамай қыранның тұғырын егелегендер, қашырлығына қарамай, тұлпардың тағасын тұяғына шегелегендер.

Кімге не дәлелдеп, кімге айбар көрсеткендейміз?

Дүниенің дидары күнде өзгеріп жатыр. Әлем болса- әлемтапырақ. Мәдениеттер мидай араласып, имани имунитеті жоқтар жаһанға жұтылып бара жатыр. Кімге не дәлелдеп, кімге айбар көрсеткендейміз.

Кейбір деңгейлес елдер Алладан сұрап, армандап қол жеткізе алмай отырған, көш бастар-Ердің де қадіріне жете алмай, етектен тартып, есін жидыртпауға дайын отырғандар бар.

Ең қиыны, айдаладағы билік өкілін айтпағанда, тұла бойын реніш кернеп, ағайынымен ат құйрығын кесісуге дайын, жарты ауыз сөз үшін жарына талақ бере салудан тайсалмайтын, ұл-қызының қайда, кіммен жүргеніне мән бермейтін қаперсіз қауымға айналып бара жатырмыз.

Үш ғасыр киген бодандық қамыты басымыздан шешілгенмен, санамыздан салдары кетер емес.

Бір тудың астына үш қазақтың басын біріктірген ердің елесі ғана есімізде. Ондай қаһарманды “өзім” деп, өзеуреуге жүрегіміз қаттылық, құшағымыз тарлық қылып жатыр. Ата-әже көрмеген баланың өзі үлкенге илікпей, ізетке сараң боп жатады, ата-анасының біреуі болмай жалғызілікті тәрбие көрген перзент те жұртпен бірден жұғыса алмай, әкеден алмаған еркөңілдікті бойынан таппай, анадан алмаған мейірім бұлағының көзін аша алмай, қаншама сүрініп, қаншама түңіледі?… Ал, ұзақ уақыт ұлттық мемлекет құра алмаған, ортасынан озығы алдыға шыға алмаған, тариxын сатқындардың ізі шұбарлаған қауымның xалі айтпаса да түсінікті.

Ақсақалы жоқ ауыл- жетім. Көшбасшысы жоқ қауым-жетім.

Бізден бұрын өмір сүрген бабаларымыз да, рас, халықтың мұң-мұқтажын басшыларға жеткізіп, билікті сынайтын. Бірақ біз секілді араны ашып, жаулыққа қиып жібермейтін. Әділетті болатын. Басшыны қалай сынаудың жолы мен жөнін білетін. Текті бабалардан қалған дәстүрлі әдістерді қолданатын.

Басшыға оңаша айтуға, өз аяғымен барып, өз аузымен айтуға мүмкіндігі болмаса, аузы дуалы адам арқылы жеткізуге тырысатын.

Бір ауыз сөзі қаперге алынса, көпке мақтанып, кеудесін ұрмайтын. Газетке сұхбат беріп, не интернетке пост жазып “міне, біз билікке былай деп айтып тастадық”, деп ұрандамайтын.

Қазір ше? 

Ал қазір екі адамның басын қосып, есіктің алдын сыпырта алмайтын біреу әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешіп жүрген тұлғаға күлін шашып отыратын болды. Мұнда қандай әділдік бар?

Ажырасқалы жатқан екі жасты жарастырып, ағасын алдап-сулап арағын қойғызып, темекісін тастатып, жиенін жұмысқа тұрғызып, әкесіне жаңалау көлік мінгізуге тырысып, әйтеуір, әулетіне қамқор боп, проблемаларын шешуге шын ұмтылып жүрген жан мемлекет басқарудың қандай қиын екенін түсінер еді. Өйткені, мемлекет – үлкен бір отбасы секілді. Осыған менің көзім әбден жетті.

Отбасы берекелі болуы үшін – сөзі жараспай тұрса да адамдар бір-бірін түсінуге тырысады. Жеңгеңнің қабағы салқын болса да, ағаң үшін сол үйден шәй ішіп кетуге міндеттісің.

Келінің білу керек насиxатты қызыңа айту арқылы жеткізесің. Біздің мемлекет – біздің отбасы.

Сол отбасымыздың басшысының жақсылығын көрмесек, биліктің бізге ұнамаған сипатының неден екенін нақты түсінуге тырыспасақ, қазіргі мүмкіндіктерімізге дәл баға бере алуымыз неғайбыл. Сондықтан, кейде билікті түсінуге тырысу, қазір билік үшін емес, қауым үшін қажет болып тұр.

Қаншама мемлекеттердің тағдыры талқандалып жатқанының негізгі себебі – билік пен халықты екіге бөлуден басталған болатын.

Басы ашық ақиқат- қай билік болса да өз қауымына лайық. Билікте отырған тұлғалар жемқор болса да, жағымпаз болса да, жақсы болса да, жасампаз болса да, соны тәрбиелеп жетілдірген қауым бар.

Биліктегі бар проблема қауымнан бастау алып тұр, ал қауымда бар мәселені билік шешуге мүдделі. Осы екі ниет бір жерге тоғысса, мемлекет баянды бақыттың жолында.

- Балта өзінің сабын шаппайды, пышақ өзінің сабын жонбайды. Билік пен қауым бүтін бір ағза секілді. Сынайтындар болу керек, бірақ, сындырып алмауымыз керек. Жақсы көруіміз керек, бірақ, жағымпаздыққа ұласып кетпеуі керек… Тұңғыш президентіміздің күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Мұхамеджан Тазабеков,

Автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Қазақстандық дәрігерлердің орташа айлығы жарты миллионға дейін жетпек
Сайрамда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пəтер кілттері табыс етілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу