Шенеуніктің отбасы мүшелеріне сыйлық жасауға тыйым салынбақ
Сенаттың осы аптадағы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
- «Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Заң мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне кез келген сипаттағы және құнды сыйлықтарды беру мүмкіндігін болдырмауды көздейді.
Сенат депутаты Андрей Лукин, өз кезегінде, жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты. Екінші оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Алайда осы ақпаратты таратқан Сенаттың сайты мұның нендей түзетулер екендігі туралы ешқандай ақпарат таратпаған.
Айта кетері, жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында:
- 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек, - деді президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтынын, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керектігін тапсырды.