«Nur Otan»-ның шамасы вице-министрлерге ғана жетеді

Oinet.kz 07-09-2020 842

Қазақстанда коронавирустық инфекциядан 186 медицина қызметкері қайтыс болған. Бүгінде олардың тек 9-ының отбасына  өтемақы төленген. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының ресми сайты хабарлады. 

image.png

Жоғарыдағы мәліметтер  Партиялық бақылау комитетінің отырысында жария етілген. Аталған комитеттің  төрағасы Павел Казанцев әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бүгінге дейін инфекция жұқтырған 1093 дәрігер ғана 2 млн. теңгеден өтемақы алғанына тоқталды. Ал сол кезде, науқастанған медицина қызметкерлерінің жалпы саны 11293 адамды құраған.

- Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйреткенін атап өтті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білу, оның маңыздылығын күшейту үшін материалдық тұрғыдан қолдау керек. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығы 9 сәуірде қабылданып қойғанына қарамастан, өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың алғашқы отырыстары тек тамыз айында өтті. Медицина қызметкерлерінің індет жұқтыруының алғашқы жағдайлары наурыз айында орын алған болса, бұл мәселені осынша созбалаңға салудың себебі неде?! Аймақтық партиялық бақылау комиссиялары бюрократия мен сөзбұйдаға салу фактілерін қарап, кінәлі партия мүшелерін ең қатаң жауапкершілік шараларына тартуы керек, - деді Павел Казанцев.

Отырыс соңында партиялық бақылау комитеті денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованы және еңбек вице-министрі Ербол Оспановты сөгіс түріндегі партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынған. Ең қатаң жауапкершілік шарасының сиқы осындай болды.

Жалпы, коронавируске қарсы күрес шаралары күшейіп тұрған кезде ауру жұқтырғандарға тиесілі өтемақысын бермеу дегеніңіз барып тұрған жауапсыздық. Елдің саулығы үшін басын қауіп-қатерге тіккен, тіпті өзінің жанын құрбан еткен дәрігерлердің еңбегін бағаламағаны үшін қос министрліктің бірінші басшылары Біржан Нұрымбетов пен Алексей Цойды отставкіге жіберуге болар еді. Алайда билік партиясының шамасы әзірге вице-министрлерге ғана жетіп тұр.

Түркістан: Шардара ауданына қарасты жолдардан анықталған кемшіліктер бойынша қалпына келтіру ұсынылд
Жолаев келгелі Түркістанның білім саласында дау да көп, жемқорлық та көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу