Жолаев келгелі Түркістанның білім саласында дау да көп, жемқорлық та көп
Түркістан облысында тағы бір білім беру ұйымының басшысы жемқорлық қылмысы үшін сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан мәліметіне қарағанда, Кентау көп салалы колледжінің директоры ірі көлемде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айыппен бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Oinet.kz
Кентау қалалық сотының шығарған үкіміне қарағанда, директор О.Бегісбаева 2018-2019 жылдары өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын пайдакүнемдік мақсатпен иемденген. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол жеке кәсіпкерлермен алдын ала келісіп, тауарларды бір көзден мемлекеттік сатып алу жөнінде электрондық шарт жасасқан. Келісім бойынша колледжд ақшаны кәсіпкердің шотына аударады. Кәсіпкер шотқа түскен ақшадан 4 пайыздан 10 пайызға дейін үлес алып, қаражаттың қалған бөлігін директорға қайтарып беріп отырған. Директордың берген тапсырмасымен колледжге тауарлардың келгендігі жөнінде жалған акті түзілген. Ал шын мәнінде ешқандай тауар жеткізілмеген.
-Нәтижесінде О.Бегісбаева 2018-2019 жылдардағы мемлекеттік сатып алу жоспарлары бойынша қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдаланумен ұштастырып, өзіне сеніп тапсырылған жергілікті бюджет қаражатынан ірі мөлшерде 6 776 426 теңгені иемденіп, жымқырған,-деп жазылған сот үкімінде.
Сотта директор өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Алайда куә ретінде қатысқан колледж қызметкерлері білім беруі ұйымына тауарлардың жеткізілмегенін, ал кейбірінің қымбат бағамен келгенін айтқан. Сот үкімімен директор 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Соңғы уақытта Түркістан облысының білім саласында дау-дамай да көп, сыбайлас жемқорлық та көп. Былтыр облыстық білім басқармасының атауы адами капиталды дамыту басқармасы деп өзгертілді. Басқарманың басшылығына тәжірибесі мол Рахымбек Жолаев елордадан аттай қалап алдырылды. Алайда жемқорлықты жүгендеу тәжірибелі басшының қолынан келмей жатқан сияқты. Ресми статистикаға тоқталайық.
Құзырлы органдардың жуырда таратқан мәліметтеріне қарағанда, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық дендеген өңірлердің үштігін Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау облыстары иемденеді. Биыл сәуірде облыс әкімдігінде өткен жиында Рахымбек Жолаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды нәтиже бере бастағанын мәлім еткен еді. Алайда құзырлы органдардың айтуынша, жағдай керісінше сияқты. Соңғы кездері балабақша меңгерушілері, мектеп және колледж директорлары арасындағы коррупция көбейген. Мәселен жуырда Сарыағаш ауданында бір мектеп директоры қарамағындағы мұғалімді жұмыстан босатпау үшін 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде қолға түскен.
Сонда енді кімге сенеміз? Рахымбек Жолаевқа ма әлде құзырлы органдарға ма?