Министр Аймағамбетов Түркістанға мін тақты

Oinet.kz 03-09-2020 907

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.  

image.png

- Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке орай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтарды лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді.  Фактілер расталды және мектеп директорының міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп жазды А.Аймағамбетов министрліктің ресми сайтына.  

Министрдің мәлімдеуінше, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түскен. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды.

Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді.  Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады.

Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті. Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау туралы да есте сақтауы қажет. Өйткені жаңа Заңның талаптары да жаңа.  Педагогикалық қызметпен айналысатын әрбір жан жас ұрпаққа үлгі болып, өз жұмысында адамгершілік қағидалары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс. Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі. 

- Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырудамыз. Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес.  Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді бастады. Болашақта этика бойынша Кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады.  Барлығымыз мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп жөніндегі кеңесінің тиімді жұмысының куәсі болдық.  Біздің жаңадан құрылған Кеңестеріміздің қызметі соның үлгісі бойынша ұйымдастырылады. Мұның бәрі – үлкен бастама: әр мұғалім өзінің мәртебесін мақтан тұтуы керек. Ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, сапалы білім беруі керек. Өйткені біздің балаларымыздың әл-ауқаты мен білімі ұстаздардың қолында. «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын - ұстаздікі» - дегендей осы тарапта алдымызда әлі де біраз жұмыс бар екені белгілі, - деп түйіндепті министр өзінің сөзін. 

Әрине, мұғалімді жұмысқа заңсыз жегуге болмайды деп, бұл мәселені науқаншылдыққа айналдырған да дұрыс емес шығар. Бірақ байқасаңыз, Асхат Аймағамбетов мысалға келтірген екі факті де Түркістан облысында орын алған. Бұл тегін бе? Жалпы Түркістан облысында мұғалімдерді заңсыз жұмысқа жегу, ақша жинау, директорлардың парамен ұсталуы сияқты жөнсіздіктерге тоқтам болмай тұр. Былтыр облыстағы білім саласына бақылау жасайтын басқарманың атауы адами әлеуетті дамыту басқармасы болып өзгерді. Алайда атауы өзгергенімен қалыптасқан ахуал өзгермей тұр. Басқарманың басшылығына Рахымбек Жолаев тағайындалған. Бірақ облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев үлкен сенім артқан, елордадан аттай қалап әкелген Р.Жолаев бетімен кеткен білім саласын жолға қоя алмай жатқан сияқты. Енді қайтпек керек?      

«Болған оқиғаға кім жауап береді?» - депутат Үкімет басшысын сұрақ астына алды
1 күнде 3 бала терезеден құлап кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу