Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайды сотқа берді
Саясаткер Мұхтар Тайжан танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайды сотқа берді. Бұл туралы Тайжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Бизнесте де, қоғам өмірінде де айтқан сөздерің мен жасаған әрекеттерің үшін жауап беру керек. Сәуір айында сен мені және отбасымды айыптап жазба қалдырған едің. Ел алдында дебатқа шығуға шақырдым, сен шықпай қойдың, Ал енді айтқан сөздерің үшін сотта жауап бересің. Ал егер өзіңді ақтай алмасаң, бұрынғы атағыңа тағы бір "жала жабушы" деген ат қосылады. Онымен қоймай 10 млн теңге айыппұл төлейсің", - деп жазыпты Тайжан.
Сөзінше, ол бұл ақшаны қайырымдылыққа жұмсамақ.
"Халық қайғыдан қан жұтып отырғанда, шу шығармау үшін жаздың аяқталғанын қаладым. Қазір ел қайта өздерінің қалыпты өмірлеріне көшуде. Мен бұрынғыдай ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі емеспін, сенің үйінді бақылаған белгісіз тыңшылар да кеткен сыңайлы. Екеуміздің арамыздағы мәселенің нүктесін қоятын уақыт келді", - деп қосты саясаткер.
Еске салайық, бұған дейін саясаткер мен кәсіпкердің арасында әлеуметтік желіде жанжал туындағаны айтылған еді. Қоғам қайраткерлерінің арасындағы дау акциялары Марғұлан Сейсембайға тиесілі "Алель Агро" АҚ-ын тексеруден басталған. Мемлекеттік органдар компанияның мемлекеттік субсидияларды мақсатты түрде жұмсап жатқандығына қызығушылық танытыпты. Ал Сейсембайдың жақтастары Мұхтар Тайжанға кәсіпкерді ресми түрде қолдауға өтініш білдірген. Алайда, Тайжан "біреудің ақшасын құртты деп айыпталған адамды үзілді-кесілді жақтай алмаймын", - деді. Бұған жауап ретінде Сейсембай Тайжанға алған ақшалары мен 2016-2017 жылдары оның отбасын "асырадым" деп кесіп айтқан.