Цой карантинді жеңілдету туралы ұсыныс берді
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанына байланысты Ведомствоаралық комиссияға карантинді біртіндеп жеңілдетуді ұсынды, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Себебі, вирустың репродуктивтілік деңгейі, яғни бір науқастан басқаларға жұғу көрсеткіші 1,72-ден 0,82-ге төмендеген. Бұл көрсеткіш өңірлер арасында тек Түркістан облысында 1-ден жоғары. Басқа аймақтарда тұрақты түрде азайып келеді.
«Уақытылы диагностиканың арқасында Қазақстан COVID-19-дан болатын өлім көрсеткіші бойынша 70-ші орында... 5 аптада ауруханадағы орындар жүктемесі 62%-ға азайды. Емханалар үйге барып емдеу форматына көшті. Қазір 3640 бригада жұмыс істеп тұр. Коронавирус бойынша жедел жәрдем шақыру 62%-ға төмендеді. Жалпы, коронавируспен ауыратындар 2 есеге азайып отыр», - деді ол Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Асқар Мамин ахуалды ескере отырып, карантинді алып тастауға негіз бар екенін айтты.
«Елімізде коронавирустың таралу деңгейі қарқынды түрде төмендеуде. Емделіп шыққандар үлесі 73,6% құрады. Қалғандары ем алуда... Жағдайды ескеріп, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын ДСМ мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.
Бұл ретте көпшілік жерде маска кию сияқты гигиеналық талаптар сақтала береді.