Цой - «Еліміз аурудың шарықтау шегінен өтті»
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Қазақстандағы коронавирус эпидемиясына байланысты жағдайдың тұрақталғандығын жеткізді. Бұл туралы ол орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг барысында айтты. Айтуынша, еліміз аурудың шарықтау шегінен өткен, деп хабарлайды Oinet.kz.
Алексей Цойдың мәліметінше, елде эпидемия басталғалы бері вирус жұқтырған 91 662 науқастың 67 пайызы жазылып шыққан – бұл 62 511 адам. Өткен тәулік ішінде аталған дерттен 671 адам айыққан. Ведомство басшысы Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Ақмола, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында "жағдай жақсарғанын" мәлім етті.
- "Жағдай тұрақталды деп сенімді түрде айта аламыз, аурудың шарықтау шегі өтті, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар", – деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан қазіргі карантиннің арқасында аурудың өсімін 2 есе төмендеткен. Стационарлардағы жүктеме де азайған.
- "Шілде айында кейбір ауруханаларда қиын жағдай туындады. Ал бүгінде стационарлардағы төсек орындардың 34 пайызы ғана толып отыр", – дейді Цой.
Сонымен қатар министр елімізде өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 55 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрінің ақпарынша, 2 тамызда коронавирустан ПТР нәтжиесі оң болған 34 қазақстандық, сонымен қатар ПТР нәтижесі теріс болған, алайда ауру белгілері коронавирус инфекциясына ұқсас 21 адам пневмониядан көз жұмған.