Өрт сөндіруші 10 жасар қызды судан құтқарып қалды
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тұрғыны Бектұрсын Айходжаев жақында бір адамның өмірін құтқарып қалды. Қазата ауылына келе жатқан ол Шаян өзенінде шулап жатқан балалардың даусын естіп, жедел қастарына барған.
Аудандық өрт сөндіру мекемесінің Мыңбұлақ ауылындағы постын (қосынын) басқаратын Бектұрсын балаларға өзенге шомылудың тәртібін түсіндіріп қайтатын. Бұл жолы да өрт сөндіруші әдейі өзен жағалап жүреді.
«Су бойымен келе жатқанымда балалардың шуылы қатты естілді. Қастарына келсем арасында 10 жасар қыз суға кетіп тұншығуда. Ойланып тұратын уақыт па? Дереу қызды судан алып шығып, көкірегін басып массаж жасап, еңкейтіп жұтқан суын шығардым. Бәрі де қас пен көзің арасында болды», – дейді Б. Сұлтанұлы.
Артынша жедел жәрдем шақырып қызды Шолаққорған аудандық емханасына жібереді. Қазір қыз біратыла сауығып, үйіне келген.
Былтырғы жаздың өзінде Қазақстан бойынша 40 бала суға кетсе биылғы уақытта тағы 20 бала суға тұншығып, оның жартысы қайтыс болған. Әсіресе ауыл шетіндегі өзен, көлдерге шомылатын балалардың қауіпсіздікті сақтауы қиын екенін осы оқиға растап отыр. «Қырсық болса көжеге де тіс сынады» деген, әйтпесе Шаян өзені Шаян ауылының іргесінен өтерде жайылып кетіп, тобықтан ғана келеді. Ал Қазата сияқты Қапшағай су қоймасының түбіндегі ауылдарда терең тұстары, жарқабақтары бар екен.
Бұл жолы балалардың періштесі қағып, Бексұлтандай ағалары ғайыптан көмекке келіпті. Тағы мұндай жағдай қайталанса құтқаратын адамдар естімей қалуы мүмкін-ау. Былай қарасаңыз, қас пен көздің арасында әрбір азамат атқаратын іс сияқты. Ал шынында Бекең бір адамның өмірін құтқарып, бір әулетті қайғы-мұңнан арылтты.
Ал үлкендер балаларды суға шомылуға жіберерде сақтықпен қараса екен.
Динар БАЛҚЫБЕКОВА