Түркістан облысында дәріханалар тексерілді
Бүгін "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалына түскен шағымдарға сәйкес, Отырар, Бәйдібек, Шардара, Созақ, Төлеби аудандарындағы дәріханаларға мониторинг жүргізілді. Оған партия өкілдері, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Мониторинг барысында атқарылған жұмыстар да, кемшіліктер де анықталды. Дәріханалар дәрі-дәрмектермен толыға түскен. Дәрі бағасын бірнеше есе қымбатқа сату үрдісі де толастаған. Дегенмен ауылдарда әлі де дәрі тапшылығы мен қымбатшылығы бар. Мониторинг топ құрамында болған Созақ аудандық мәслихатының депутаты Б.Тұрғанбаев тұрғындардың талап-тілегі бойынша тексеру жұмыстары тоқтамайтынын айтады.
"Пандемия жұртшылыққа өте қиын тиіп жатыр. Науқастанғандар көп. Дегенмен соңғы бір-екі күн көлемінде жағдай сәл тұрақталған секілді. Бірақ босаңсуға жол жоқ. Дәрі-дәрмек бағасын бақылауда ұстап, қадағалауды күшейткен жөн. Өйткені әлі де кей дәріханаларда дәрі қоры жеткіліксіз болуы мүмкін " -дейді ол.
Түркістан облысында коронавирус індетіне күресті күшейту бағытында өзге де жұмыстар қолға алынып жатыр. Өңірдегі 16 аудан және қала әкімдері, партия филиалдарының төрағалары кестеге сәйкес, күн сайын тікелей эфирге шығып, коронавирустың таралуын шектеу бағытындағы жұмыстарын баяндайды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Партия филиалдары облыс көлемінде дәріханаларға мониторинг жұмыстарын және тұрғындар мен дәрігерлерді қолдау бағытындағы акцияларын жалғастыра береді.
"Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі