Асанәлі Әшімов халыққа үндеу жасады
Коронавирус пандемиясына байланысты зиялы қауым өкілдері еліміздің тұрғындарына үндеу жасады. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубай, Ұлықбек Есдәулет және Нұрлан Оразалин бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме берген Oinet.kz тілшісі.
"Бұрын-соңды болмаған мынадай нәубет кезінде бірігейік, бірлесіп жұмыс істейік, бір-бірімізді тыңдайық. Жоғарыдан беріліп жатқан міндеттемелерді орындайық. Қарт буанның тәртібіне сенемін. Мынау жастардың тәртібіне көңіл аударып отырмын. Жиын, той жасауды доғару керек. Мемлекетімізді байлығы – халық. Әрқайсымыз бір-бірімізге адал болайық, бір-бірімізге қорғаныш болайық, бір-бірімізді сақтайық", – дейді КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.
Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай індет ханды да, тақырды да таңдамайтынын айтып, карантин талаптарын қатаң сақтау маңыздылығына тоқталды.
"17 күн бойы ауруханада жатып бір ғана нәрсені тіледік. Бір Алладан басымыздан өтіп жатқан ахуалды адам басына бермегей деп тіледік. Ең алдымен, жақындарымызға, балаларымызға, немерелерімізге осы індетті көрсетпегей деп тіледік.
Алматы қаласында коронавирус індетін жұқтыру деңгейі өте жоғары. Алматылықтардың той, бас қосу, жаңаза, әсіресе, жастардың бас қосуы тоқтамай тұр. Бұл трагедияның шет жағасын көзімізбен көріп отырмыз. Маска тағу, адам көп жиналатын жерге бармау, бара қалған жағдайда арақашықты сақтау бәрімізге міндет дегім келеді. Карантин талаптарын сақтамау – қасіретке алып келеді", – деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет те тығылып той жасайтындардың тоқтамай тұрғанын айтты.
"Әлемді тітіреткен коронавирус індеді біздің халқымызға да қырғидай тиіп, шетінен баудай түсіріп жатыр. Күнде еститінің – қаралы хабар, азалы сөздер. Халқымыздың небір аптал азаматтары, қайраткер тұлғалары, таланттары беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Қаралы шаңырақтар, азалы отбасылар күннен-күнге көбейіп барады. Біз сақтық шараларын қайтадан күшейтуіміз керек. Былайша отырып, шыбынша қырыла беруге болмайды.
Сақтық шараларын, медициналық нормаларды сақтап, індетті жеңуге бір кісідей жұмылып, ат салысайық. Бұрын шақырған жерден қалма деуші еді, қазір шағырған жерге барма дейтін мәтел пайда болды. Сонда да тығылып той жасау әдеті тыйылмай тұр. Біз карантин тәртібін орындамау арқылы коронавирус секілді дұшпанға көмектескен сияқты боламыз. Бұған қазақты "ұятын" кінәлі етіп жатқандар бар. Бұл дұрыс емес, қазақтың ар-ұяты әрқашан биікте. Бұның себебін ұяттан емес, ұятсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеуіміз керек. Үмітпен өмір сүріп, сеніммен күн кешейік", – деді ақын.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин да ел тұрғындарын жауапкершілікке шақырды.
"Қадірлі алматылықтар! Алаш жұртының ұлы қаласы ретінде бүкіл зиялы қауымның мәдениет пен өнердің, ғылымның ордасы болған ұлы қаламызда аурудың зардабын қатты сезініп отырмыз. Сондықтан бәріңізді бір адамдай жұмылып, біріңіздің өміріңізді біріңіз қорғап, өз өміріңізді қорғап, отыңыздың басын, отандастарыңыздың өмірін сақтауға бүкіл ерік-жігеріңізді бағыштауға сұраймыз.
Біз сол арқылы уақыттың алдында, заманның алдында, ұлтымыздың, мемлекетіміздің іргесін сақтап қала аламыз деп берік айтар едім", – деді қаламгер.