Оралдық белсенді прокуратура алдында өзін-өзі өртеп жіберді (видео)
10 маусым күні Оралда белсенді Данияр Инжиғалиев қалалық прокуратура алдына келіп наразылық акциясын өткізді және үстіне жанармай құйып өзін өртеп жіберді. Қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер белсендінің өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Бұл туралы Азаттыққа сілтеме берген Oinet.kz тілшісі хабарлайды.
"Өзін өртеп, денесін күйік шалған азамат қалалық монопрофильді ауруханаға келіп түсті. Қазір оның жағдайды жаман емес" деді денсаулық сақтау басқармасы.
Инжиғалиев қарсылық акциясы кезінде өзіне қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қозғалған іске наразылық білдіріп, өзінің кінәсіз екендігін алға тартқан.
Полиция оқиғаның "Өзін өлтіруге әрекеттену" бабы бойынша тіркелгенін мәлімдеді.
"Орал прокурорының орынбасары Шоқпанов Инжиғалиевке қылмыстық істің қазіргі сатыда тоқтатылмайтынын, іс сотқа жолданғанын және шағым айту уақыты өтіп кеткенін түсіндірген. Прокурор сөзімен келіспеген Инжиғалиев өзіне жанармай құйып, өртеп жіберді" деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті.
Данияр Инжиғалиев ісіне қатысты соттың алғашқы отырысы 11 маусымға жоспарланған.