Бес баласының үшеуі ауыр дертке шалдыққан
Алматы облысы Талғар қаласының тұрғындары Әсия мен Фархадтың отбасы өзгелерге ұқсамайды. Олардың күнделікті өмірі де әдеттегі тіршіліктен басқаша басталады. Бес баласының үшеуі тумысынан сал ауруына душар болған ерлі-зайыпты маңдайға жазылған ауыр сынаққа сынбай келеді, деп хабарлайды Oinet.kz.
Таңның атысы, күннің батысы балаларым деп шырылдайтын ана үшін балаларының азаптанғанын көргеннен артық қасірет жоқ. Көз алдында бір емес, үш бірдей баласының жаны қиналғанда, Әсия өзімді қоярға жер таппай кетемін дейді. Әсіресе, 12 жастағы ұлымның жағдайы алаңдатады дейді ол
- "Бес баламыз бар. Екеуі ересек. Аллаға шүкір, олардың денсаулығы жақсы. Одан кейінгі үш балам сал ауруына шалдығып отыр", - деді келіншек.
Айтуынша, отбасының күнделікті өмірі балалардың жөргегін ауыстырудан басталады. Себебі, үшеуі де өздігінен жүріп-тұра алмайды. Өз қажеттіліктерін аузымен айтып жеткізе алмайды. Сондықтан, бірінші кезекте балаларға суын беріп, денесін жуып-тазалаймыз дейді ерлі-зайыпты.
- "Таңертең ерте тұрып, олардың тамағын әзірлеп қоямын. Сөйтем де оларды толықтай жуындырып, тазалап, тамаққа отырғызамын. Кезек-кезек тамағын берген соң ғана өзім таңғы асқа отырамын. Мұндай ерекше балаларыма қарау - міндетім", - дейді ол.
Әсия отағасымен бірге балаларын тамақтандырып болған соң олардың жаттығуларына кірісетінін айтады. Балалардың алды 12-де болғандықтан, онымен бірге жаттығу жасау да әйел адамға оңай емес белгілі. Сондықтан, бұл тұста жұбайы Фархадтың көмегінсіз жаттығу да өнбейді. Отбасының бейнетті өмірі күнделікті осылай жалғасуда. Алайда "үмітсіз – шайтан" демекші, ата-ана балаларының оңалып кететініне сенімді. Әсия мен Фархадтың тағдыры жайында ауылдастары жақсы біледі. Жергілікті қайырымдылық ұйымдары мен жекелеген адамдар оларға азық-түлікпен, қажетті заттармен қамтамасыз етіп тұрады екен. Дегенмен, бір емес үш бірдей науқас баланы бағып отырған отбасы үшін бұл аздық етеді.
- "Көптеген оңалту орталықтарын, түрлі дәрігерлерге де қаралдық. Айтқандарын істеп, жаттығуларын жасаймыз. Бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Үлкен ұлымның жағдайы кейінгілеріне қарағанда ауыр болып тұр. Кей-кейде айғайлап, есікті керегені ұра бастайды. Көршілер де бізден мезі болған шығар деп қысыламын кейде. Ем алған кезде сәл жақсарады да, емді тоқтатқаннан кейін қайта нашарлайды. Жуырда Өзбекстанның Ташкент қаласында менің балаларым сияқты науқас балаларды емдететін орталық бар екенін естідім. Бірақ онда қаралу үшін әр балаға кемінде 600 мың теңге қажет екен. Бұл да нақты сома емес. Себебі, онда қайта диагностика жасалып, қажет болатын қаражат сома бала жағдайының ауырлығына қарай анықталады екен. Сондықтан, алдын ала осынша сома керек деп айтуы қиынға соғуда", - дейді ана. Әсияның айтуынша, бұған дейін 2014 жылы "Қарекет" бағдарламасының шақыртуымен олар туралы сюжет әзірленіпті. Алайда ол кезде отбасындағы науқас балалар саны екеу еді. 2016 жылы Әсия бесінші сәбидің анасы атанады. Алайда оның бұл перзенті де сал ауруына шалдығыпты.
- "Бір жылдары біздің отбасы туралы танымал әншінің анасы көмек қолын ұсынды. Бірақ ол кезде біздің кіші баламыз өмірге келмеген еді. Мен ешкімнен алақан жайып, көмек сұрамаймын. Бірақ үш баламның ертеңгі күнін ойлағанда, олар шынымен өзгелер сияқты жүріп-тұруға, ойнап-күлуге лайық қой деп ойлаймын. Жүрегім ауырады. Қолымнан келгенше жүгіріп, қолымнан келгенше қандай ем бар, соның бәрін көргім келеді. Бәлкім көмегі тиіп қалар деп үміттенемін", - дейді ол.
Айта кету керек, балалардың әкесі Фархад та ауыр жұмысқа жарамайды. Көзінде ақауы бар оның ресми түрде жұмысы жоқ. Отбасы үкіметтен алатын жәрдемақыға күн көруде.
Фархад пен Әсияның үш баласының еміне көмек қолын созамын деушілер болса: KaspiGold картасы 5169 4971 9425 5448 немесе 87086694794 нөмірі бойынша Торениязова Асия Абрамановна.
дереккөз: KAZ.NUR.KZ