«Қалай ғана сияды денең көрге» - белгілі ақын Бейсен Құранбекке өлең арнады
Қазақтың белгілі ақыны Ұларбек Дәбей белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің қазасына қайғырып, көңіл айтты. Сондай-ақ, ақын тележүргізушінің рухына арнап өлең жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын,
Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талаураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зұлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Мәңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..
Бейсен Құранбек бір жылдан бері аты жаман аурумен күресіп келді. 49 жасында Талдықорғанда көз жұмды. Желідегі көпшілік, танымал жандар, өнер иелері марқұмның отбасына көңіл айтып, иман-саламат тілеп жатыр.