Ұстаздардың ұстаханасы
Тәуелсіз еліміздің білім беру саласы күн өткен сайын өркениетке ұмтылып, ілгерілеп келеді. Қазіргі кезеңде шәкірт үшін таңдау мүмкіндігі мол. «Алуан-алуан жүйріктің» шамасына қарай «шабатын» кезі келіп тұр. Ұлысымның ұйытқысы саналатын Оңтүстік Қазақстан өлкесі республикамыздың әрбір үшінші тұрғыны мекендеген, дәлірек айтқанда, 3 миллионға жуық тұрғыны бар аса ірі, халық тығыз қоныстанған аймақ.
Биылғы жылы облысымызда, үшінші мегаполис Шымкент қаласында сан мыңдаған мектеп бітіруші түлеп ұшқалы отыр. Мектеп бітіріп отырған түлектің жүрек қалауы мен таңдауы дөп келіп, болашақ кемесіне мінген саяхаты жағалауда қайырлап қалмасы үшін қапысыз таңдау жасайтын сәт туғаны анық. Осы кезеңдегі жас өскіннің, шәкірт арманның биік белеске ұмтылған сәтінде дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында облысымыздағы, Шымкент қаласындағы бірден-бір мемлекеттік бірегей оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті және ол университет ішіндегі әр алуан педагогикалық және ғылыми бағыттағы мамандыққа дайындайтын кафедралар мен факультеттер жайында қысқаша болса да мектеп бітіруші түлектермен сыр бөліскеннің артықтығы болмас.
Ең алдымен, ОҚМПУ-дың мамандық беру мен ғылыми әлеуетіне қысқаша шолу жасасақ. Мамандықтар бойынша құрылған 7 факультеттің 19 кафедрасында бакалавриат бойынша 33 мамандық, және ғылыми бағыттағы 4 мамандықта білім беру қызметі жүзеге асырылып келеді. Ол мамандықтар гуманитарлық, әлеуметтік ғылым және өнер, жаратылыстану ғылымы болып бөлінеді, аталған салалардың өзі де іштей жіктеліп, сан-салалы бағыттарды қамтитыны анық. Аталған мамандықтарға білім беруді аймақтағы жетекші ұстаздар қауымы, яғни 20-дан астам ғылым докторы мен профессорлар, ҚР ҰҒА академиктері, 130-ға жуық ғылым кандидаты мен доценттер және өз мамандығын жетік білетін аға оқытушылар, оқытушы-магистранттар жүргізеді. Университет ұстаздары қатарында мемлекеттік грант иелері, «ЖОО үздік оқытушылары», ҚР мемлекеттік стипендия иегерлері, сонымен қатар дәріс оқуға шақырылатын мастер-класс, тренинг, кеңес беру үшін алыс-жақын шетелден келетін білікті мамандар да лекция оқып, дәріс жүргізеді.
Оқу орнының тағы бір жетістігі – ақпараттық жүйенің озық үлгідегі жолға қойылуы. «ОҚМПУ» ақпараттық білім порталынан студенттер, оқытушы-профессорлар құрамы, университет әкімшілігі оқу процесі жайында кез-келген уақытта толық мағлұмат ала алады. Осы ретте қашықтан (бұрынғы сырттай оқу) білім беру жүйесі де толықтай жаңа технология, заманалық талаптармен білім алуға көшкенін, яғни күндізгі бөлім студенттерімен бірдей компьютерлік оқу бағдарламаларын, мультимедиалық технологиялар, видеолекциялар, виртуалды зертханаларды тиімді пайдаланады. Университеттің басты байлығының бірі – кітапхана қоры. Ақпараттық білім беру орталығы әлемдік ақпараттық кеңістік қорына қол жеткізіп келеді. Оқытушы-профессорлар мен студент-магистранттарға бірнеше мамандандырылған оқу залы, электронды-ресурстар орталығы, абономент бөлімі жан-жақты қызмет көрсетеді.
Университет өмірінің бір белесі – ғылыми жетістік. Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдардағы өз Жолдауларының бірінде «ХХІ ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп атап көрсеткендей, біздің оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби деңгейі ғылымға сіңірген еңбегімен өлшенеді. Оқу орнындағы бірнеше ғылыми бағыт-бағдарлама қамтитын ізденістердің әрқайсысы да маңызды. ОҚМПУ білім мен ғылымның ғана емес, тәлім-тәрбиенің де үлкен мектебі. Ең алдымен, университетте студенттік өзін-өзі басқару жүйесі енгізілген. Білім ордасына келіп оқып жатқан сан түрлі ұлт өкілдерінің жастары өзара түсіністік пен ынтымақ туын биікке көтеріп, студенттік ректорат төңірегіне топтасқан. Жастар қанаты елімізде жүзеге асып келе жатқан жастар саясатының деніне белсене араласып отырады. Жас дарындардың шығармашылық талантын, дарын қуатын танытуы, жүзеге асыру үшін жан-жақты жағдай жасалынған.
Тұңғыш Президент Жолдауында атап көрсетілген «Үштұғырлы тіл» саясатын біздің университет толыққанды жүзеге асырып келеді десек, асыра айтқандық болмас. Мемлекеттік стандарт талабына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар неміс тілінде де білім беру жүзеге асырылып келеді. Ұстаздардың ұстаханасы саналатын оқу орны өзінің М.Шаханов, Ә.Дербісәлиев, И.Сапарбай, Н.Бегалиев, М.Есжанова, А.Жаппарқұлова сынды ақын, ғалым түлектерімен, өткен тарихындағы Ә.Байтанаев, Қ.Бектаев, Ә.Ермеков сынды ұлы ұстаздарымен мақтанады. Мемлекет және қоғам қайраткері, университет ректоры қызметін абыроймен атқарған академик О.Аяшев та осы оқу орнының мақтан тұтар түлегі.
Айтпақ ойымызды қорытындыласақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған бір Жолдауында: ««Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деп аманат айтқан болатын. Біздің ОҚМПУ – ауыр міндетті арқалаған тарихи оқу орны. Болашағымызды баянды ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Туған еліміз кең байтақ Қазақстанның келешегін кемел етемін десең, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағын терең етіп қана қоймай өз болашағынды да сол дәстүрмен жалғастырғың келсе, ұстаздардың ұстаханасы ОҚМПУ-ды таңда, жас дос!
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Филология ғылымдарының кандидаты,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық
университетінің факультет деканы.