Мақтааралдың қазіргі жағдайы қалай - Өмірзақ Шөкеев әуеден бақылап көрді

Oinet.kz 02-05-2020 1252

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы қалыптасқан төтенше жағдайды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әуеден бақылап көрді. Аймақ басшысы облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісовпен бірге қауіптің алдын алу мәселелерін талқылады.

image.png

- «Қазір енді Өзбекстан министрінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, су басқан өңірдің барлығын қайтадан аралап, көріп шығамыз. Егер тағы су басу қаупі болмаса, ондағы барлық тұрғын үйлерді полиция қорғайды. Әзірге тұрғындардың малы қауіпті аймақтан түгел шығарылды. Ешқандай шығын жоқ. Барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді. Бұл - жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай. Сондықтан бұл жерде Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде жұмыс істейміз. Бәрі ұйымдасқан түрде реттеледі, қалпына келеді. Бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың толық мүмкіншілігі бар»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

дереккөз: ҚазАқпарат

Шөкеев Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады (видео)
Мырзакент пен Жетісайды су басу қаупі жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу