Коронавирусты жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 800-ге жуық адамды медмекемелеріне жеткізді
Коронавирусты жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 800-ге жуық адамды полицейлер Алматы қаласының медициналық мекемелеріне жеткізді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат"ХАА тілшісі.
Полиция департаментінің басшысы гарнизонның жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылғанын атап өтті. Полицияның негізгі міндеті-қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Қазіргі уақытта Департамент коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу және жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда. Мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, вирус жұқтырғандармен тікелей байланыста болған азаматтарды іздестіру бойынша шаралар қабылданады. Бүгінгі күні 798 азамат анықталып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Аса маңызды мемлекеттік нысандар мен мекемелерді тәулік бойы күзету жүзеге асырылуда", - деді брифинг барысында Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Бүгінгі таңда елімізде коронавирусты тіркеудің 35 жағдайы расталды, оның ішінде Алматыда – 17 жағдай, Нұр-Сұлтанда – 18 жағдай.
Сондай-ақ, 19 наурыздан бастап Нұр-сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізілді.