Түркістанда үшем дүниеге келді
Келес ауданының Біртілек ауылында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үшемдердің анасы Этибор Қадирова 1992 жылы туған. Әли, Осман, Омар есімді үшемді анасы облыстық №1 перинаталды орталықта босанған. Шақалақтар 1 700, 1 700 және 1 800 грамм салмақпен дүниеге келді. Отағасы Азамат Қадиров ауылда 1,5 га жерге егін егіп, шаруашылықпен айналысады. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев үшемдердің жағдайымен арнайы танысуға барып, сыйлық табыстады.
Бұл жайт, Келес ауданы құрылғалы дүние есігін ашқан - үшінші үшем. Аудан әкімі үшемдерге медициналық көмектің уақытылы көрсетілуін қадағалауды ауыл әкіміне тапсырып, әлеуметтік жағдайы бойынша мәселелер туындаса көмек көрсетілетінін жеткізді.
Еске сала кетсек, қаңтар айының соңында Сарыағаш ауданының тұрғыны, студент Жанар Анарбаева он сегіз жасында үш баланың анасы атанғанын хабарлаған болатынбыз.