Ерлан Қарин елімізде енгізілген төтенше жағдай жайлы айтты
Ел президенті Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин бүгіннен бастап Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай жайлы сөз қозғады. Ол мұндай шаралардың неліктен қабылданғанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Хабарлама Ерлан Тынымбайұлының telegram арнасында пайда болған.
Саясаткер қазақстандықтарды ТЖ режимінің салдарынан байбалам салмауға шақырды. Оның сөзінше, мұндай шаралар ресурстарды жұмылдыруға, мемлекеттік органдардың шүғыл шешім қабылдауына көмектеседі. Жалпы алғанда бұл коронавирустың елімізде таралып кетпесі үшін жасалып отыр.
Одан бөлек, кеңесшінің айтуынша, бұл режим тиісті құқықтық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
- "Мемлекет алдын алу үшін әрекет етіп жатыр", - деді президенттің кеңесшісі.
Қариннің сөзінше, бұл режимде шектеулер бар болғанымен, маңызды ұйымдар, дүкендер, дәріханалар, сауда орталықтары жұмысын қалыптасқан тәртіпте жалғастыра бермек.
Президент кеңесшісі сөз соңында барлық шектеу шаралары вирустың таралуының алдын алу үшін сондай-ақ, қазақстандықтардың игілігі үшін, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, денсаулықтарын сақтау үшін жасалып жатқанын айтты.
Еске сала кетсек, 15 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда бүгін 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды.