Баталов қуған шенеунік қызметінде қалды
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов "құрғақ сөздің адамы" деп атап, жұмыстан қуған шенеунік өз қызметінде қалатын болды, деп хабарлайды Oinet.kz KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, Асхат Қалиасқаров жұмыстан өз еркімен шығу туралы арыз жазбаған.
- "Ол арыз жазбады. Есеп беру кездесуінен кейін көпбалалы аналар бізге хабарласып, өтініш айтты. "Бір тұрғынның арызы бүкіл халықтың пікірі емес" деді. Аналар әлеуметтік желілерге және облыс әкіміне жеке-жеке хат жазып, қала орынбасарын орнында қалдыруды сұрады", - деді Ғалымұрат Жүкел.
Баспасөз хатшысының сөзінше, тұрғындар Қалиасқаровтың көпбалалы аналармен жақсы жұмыс істейтінін айтқан. Осыған байланысты, оны жұмыс орнында қалдыру туралы шешім қабылданыпты. Дегенмен бұдан былай ешкім оның жұмысына шағымданбауы үшін Қалиасқаровқа ескерту жасалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Амандық Баталов өзінің берген тапсырмасын дұрыс орындамаған Талдықорған әкімінің орынбасарынан жұмыстан кету туралы арыз жазуды талап еткен болатын. Тіпті, өңір басшысы қала әкіміне босаған орынға лайықты кандидат табуды тапсырған еді.