Түркістан қалалық орталық ауруханасы

Oinet.kz 17-06-2018 1483

Жақында ғана облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласында бүгінде 6 емхана жұмыс істейді. Сондай-ақ шаһар тұрғындарына  жалғыз мемлекеттік аурухана қызмет етіп келеді. Медицина мекемесі 297 төсек орынға лайықталған. Оның 22-сі ауылдық бөлімшеде орналасқан. Медициналық ұйымдардың, аймақтардың және ғылыми зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың қызметін рейтингтік бағалау бойынша Түркістан қалалық орталық ауруханасы өткен жылы 0,87 баллдық көрсеткішпен республикалық 182 медицина мекемелерінің арасында жетінші орынға тұрақтады. Үздік аурухананың бүгінгі жай-күйімен біз де танысып қайттық. 

Screenshot_4.jpg

Ел игілігі үшін  талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ғимаратқа бүгінде жөндеу жұмыстары жасалынуда. Аурухананың бас дәрігері Алима Сәкееваның айтуынша жаңарту жұмыстары ақылы қызметтен түскен қаражат есебінен жүргізілуде. Мемлекеттің қалтасын қақпай отырған ұжым осылайша мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға жол ашып отыр. Емдеу мекемесінде 8 бөлімше бар. Аталған бөлімшелерде цифрландыру бойынша КМИС ақпараттық жүйесі орнатылыпты. Сонымен қатар мұнда оптико-волоконды кабельді интернет желісі қосылған. 84 компьютермен жабдықталған. Биылғы жылы мекемені 100 пайыз компьютермен жабдықтау мақсатында 90 дана компьютер сатып алу жоспарланыпты. 

Аурухананың қабылдау бөлімінен бастап Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жасақталып жатқаны бірден көзге ұрады.  Қабылдау бөлімшесінде 8 дәрігер, 9 мейірбике, 7 кіші мейірбике қызмет көрсетеді. Құрамында оқшаулау, жарақат таңу, науқасты қарау, УДЗ, фиброгастроскопия, рентген, фильтр, дәрі сақтайтын және регистрация бөлмелері орналасқан. Келген пациенттерге стандартқа сай жоғарғы сапалы алғашқы медициналық көмек, комплексті диагностика қамтамасыз етіледі. Керек жағдайда шұғыл диагностика мамандары үйінен шақыртылып қызмет көрсетеді. Ауруханадағы барлық бөлімшелерге инструментальді диагностика және көлік жүргізушілері, барлық мамандар комплексті түрде тәулік бойы қызмет атқарады. Жағдайы ауыр науқастарға әр түрлі мамандықтағы дәрігерлер консилиумдары өтеді. Дәрігерлер, мейірбикелер, кіші мейірбикелер этика деонтология қағидаларын сақтай отырып жоғары сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетуді, диагностикалауды меңгерген. Ауруханадағы телемедицина жүйесі дәрігерлерге науқасқа дер кезінде, көмек көрсетуге жол ашуда. 

– Телемедицина арқылы біздің мамандар Қазақстанның кез-келген медицина мекемесімен тікелей байланысқа шыға алады. Қажет жағдайда өзге дәрігерлерден экран арқылы  жүзбе-жүз кеңес алып отырамыз. Сондай-ақ науқасты мамандармен тілдестіріп, көрсете аламыз. Бұл дәрігерлерге ғана тиімді қызмет емес, сонымен қатар пациенттің уақытын үнемдейді. Яғни жоғары білікті мамандардан кеңес алу үшін бір қаладан екінші қалаға шапқылап жүрмейді, – дейді телемедицина жү йесі кабинетінің меңгерушісі Бекжан Әкімұлы. Алты жылдан бері ақ халаттылардың кәдесіне жарап тұрған құрылғының көмегімен ай сайын 10-15 телесұхбат жасалып тұрады. Түркістандық дәрігерлердің ең көп байланысатын мекемесі Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы екен.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, дамыған елдерде жарақаттық зақымдалулардың өлім-жітім көрсеткіші жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардан кейін үшінші орында тұрады. Жазатайым жағдайлар кезінде адамға алғашқы көмекті көрсетіп, ем жүргізетін орын ол әрине жарақат бөлімі. Мұндағы травматология бөлімінде де талай жан аяққа тұрып кеткен. Замана көшінен қалыс қалмай отырған травматологтардың жетістіктері де аз емес. Дәрігерлер түтікті сүйектердің интрамедуллярлы блокталатын остеосинтез, сүйектердің бұрыштық тұрақтылықты пластиналық бекіту операцияларын жеті жылдың көлемінде жасап келеді. Мұндай оталардың тиімді тұстары көп. Біріншіден науқас бұрынғыдай 10 келіге дейінгі ауыр гипстерді көтеріп жүрмейді. Оның орнына жарақат алған науқасқа жеңіл әрі ыңғайлы пластикалық гипстер салынады. Жаңа гипстің арқасында буындар байланып қалмайды дейді мамандар. Гипстің салынғанына қарамастан отаның ертесіне науқас жүріп-тұра алады екен. Әрі суға түсіп, жуына беруіне де болатын көрінеді. Бір қуантарлығы бұл қазақстандық өнім екен. 

Футбол ойнап жүріп жығылып қалған Шахзод аяғын сындырып алыпты. Жедел түрде ауруханаға жеткізілген бозбалаға дәрігерлер сынған жеріне пластикалық гипс салып берген. «Өте жеңіл екен. Тіпті өздігімнен тұра аламын. Аяғым тез жазылып кетеді деген ойдамын»,- дейді пациент Галибжанов.

Жалпы жыл сайын ауруханада Түркістан қаласымен қатар көршілес Кентау, Созақ, Отырар, Жаңақорған аудандарынан келген 11 мыңнан аса науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, 1600-ге жуық әртүрлі хирургиялық, травматологиялық және офтальмологиялық операциялар жасалынады. Аурухананың мақтанышы – зертханада заманауи диагностикалық әдістер қолданылып келеді. Атап айтқанда, олар – кардиомаркер тропонинді сандық әдіспен анықтау, қандағы газдарды анықтау, гепатит маркерлерін анықтау. Зертхана жыл сайынғы облыстық зертханаарлық салыстыру сынақтарына қатысып келеді. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, биылғы жылы қатысқан 57 облыстық медициналық мекемелер ішінде аурухананың зертханасы 16-шы орынды иеленген.  

Қалалықтардың басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда жүгінетін мекеменің матетериалдық техникалық жарақтандыру көрсеткіші 70,96 пайызды құрап отыр. 2018 жылы облыстық бюджет есебінен 63 млн. 624 мың теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алыныпты. 

– Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың тікелей атсалысуымен жыл сайын медициналық технологиялар, диагностикалық және емдік аспаптар мен аппараттар кеңнен қолданысқа енгізілуде. Атап айтқанда бронхофиброскоп, гастрофиброскоп, қан қысымын және электрокардиографиялық тәуліктік мониторинглеуге арналған Холтер аппараты және 6 функционалдық керекеттер алынды. Қазір ауруханамыздың халыққа қызмет ету дәржесі қай жағынан да айтарлықтай өзгерді. Бағасын беретін халық. Еміміз елдің көңілінен шықса біз үшін сол бақыт, – дейді Алима Оспанқызы.

Бүгінгі таңда ауруханада 403 қызметкер жұмыс ісиейді (69 дәрігер, 216 орта медициналық қызметкер). Олардың ішінде 1 медицина ғылымының кандидаты мен 6 «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» бар екенін айта кеткен жөн. Жоғары санатты дәрігерлер мен медбикелер саны жылдан жылға өсіп келеді дейді басшылық. Оған дәлел 2017 жылы 81 медицина қызметкері білімін жетілдіріп, сертификат алса, биылғы жылдың төрт айында 45 маман біліктілігін жоғарылатқан. 

Түркістан қаласында қазіргі таңда жекеменшік емдеу нысандары жетерлік. Бәсекелестік дәуірінде төрт құбыласы тең мекемелермен иық тірестіріп тұру оңай емес. Бүгінде азаматтарға  емхана, ауруханаларды таңдау құқығы берілгенін ескерсек өткен жылы Түркістан қалалалық ауруханасы ұжымын 11 376 пациент таңдаса,  ал бес айдың ішінде таңдаушылардың саны  5 мыңға жетіпті.

Еңбек вице-министрі қызметінен босатылды
«МузАрттың» сенім артқан інілері: «Өнер жолында достық деген болмайды екен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу