Балтабек Нұрғалиев Сәбит Әбдіқалықовты қатаң сынға алды
Елбасы мен оның жақындарына арнап жазған отты жырларымен танылған ақын Балтабек Нұрғалиев мәдениет және спорт министрі Ақбота Рахметоллақызының атына өтініш жолдады. Бұл жазба Facebook парақшасы арқылы көпшілікке таралды. Оның бұл жолғы нысанасы Сәбит Әбдіқалықов. Әрине жыр арнамаған. Театр директорын әбден сөккен. Тіпті, Сәбитті М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қылып тағайындаудың өзін өрескел қателік деп санайтындығын ашық айтқан деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Өзіңіздің назарыңызға ұсынатын бір мәселе бар. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіқалықовқа қатысты. Сәбит Әбдіқалықовтың бұған дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болғандығынан хабардарсыз деп ойлаймын. Сол кезеңде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен біраз қаражат бөлінгендігін ешкім жоққа шығармайды. Сол жөндеу жұмыстарының дұрыс жасалуына Сәбит Әбдіқалықов қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын ешкім зерттемеді де, зерделемеді де. Сәбит Әбдіқалықов театр басшылығынан кеткен соң, орнына басшы болып Азамат Сатыбалды келді. Алайда жаңа басшы Азамат Сатыбалды театр директорлығына тағайындалған соң, бұрынғы басшының жұмыс сапасын зерттейтін аудит шарасын жасады ма екен? Қазіргі таңда аталмыш театрдың жағдайы өте мүшкіл», - деп пікір білдірген ақын.
Бюджеттен бөлінген қаржының өз орнын таппағанына Сәбитті кінәлайтын ол, бүгінгі Ғ. Мүсірепов атындағы театр көрінісін көрсе жаны ашитындығын жеткізді. Тіпті, спектакль тамашалауға барғанда құлағыңның ұшына дейін сезілетін суықты есептемегенде, актерлердің театрда қалай төзіп жүргендігіне таңдануда. Тіпті, театрдың жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы басқадай мақсаттарға кетіп қалды ма деген алаңдаушылығын да білдіруде.
- Қалың пальтомызды, бас киімізді шешпестен, отырып, спектакль көруге мәжбүр болдық. Сонда театр ғимаратына жөндеу жұмыстары жөнді жасалмағандығының салдары ма бұл? Театрды жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуы қалай жоспарланды екен, осыны аудит жасап, тексерудің артықтығы болмас еді ғой?, - дейді ақын.
Бұрындары театр қабырғасында жұмыс тәжірибесі болмаған, режиссер және көркемдік жетекші ретінде танылмаған Сәбит Әбдіқалықовты М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының басшылығында ұстау жөнсіз деп есептейді.
- Қазіргі таңның өзінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіқалықов өз орнында емес екен. Денсаулығына байланысты демалыс алыпты деп естідік. Оның денсаулығына шынымен бірнәрсе болған болса, бұндай созылмалы демалыс алатын басшыны ауыстыру туралы ойлану керек емес пе, қалай ойлайсыз? Оның денсаулығына байланысты демалыс алуының себебін де зерттеуден өткізу керек секілді. Тиісті сала мамандарына сұрау салуыңызды сұраймын, - дейді ақын ашуға беріліп.
Жақында ғана үшінші рет отау құрған Сәбиттің ұзаққа созылған демалысын той тойлап, қонақ күтудің қамы деп есептеген ол: - Денсаулығына байланысты демалыс алған адам емін қабылдап, жатпаушы ма еді? Бұны қалай түсіндіресіз? Бұл дұрыс па? – деп Мәдениет және спорт министрі Ақбота Райымқұловаға сауал жолдады.
- "Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты әрі анық айтқандығын Сіз де жақсы білесіз. Сіздің министр ретінде еліміздің театр саласына жаныңыз ашиды деп үміттенемін және осы салада болып жатқан былықтарға көз жұма қарамайтындығыңызға сенгім келеді!"
Әрине, ақынның сеніміне селкеу түспейді деп сенеміз. Алайда, осы орайда «Министрліктегілерге президенттің сөзі жүрмей ме! - деген сұрақ туындайды!?.. Әрине, ары қарай істің ақ қарасын Ақбота Райымқұлова ханымға тапсырдық.