Түркістанда полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарды (видео)
ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Марат Нұрымбетов суға батып бара жатқан 12 жастағы баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме берген Oinet.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 ақпан күні күндізгі сағат 16:50 шамасында Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөлімшесіне бір баланың суға ағып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына небәрі үш жарым минутта жеткен полиция капитаны Марат Рахметұлы ағысы қатты судан баланы аман алып қалды.
«Полиция бөлімінен енді ғана шығып, көлігіме бара жатқан болатынмын. Суға ағып бара жатқан адам туралы хабарлама түскен. Еш ойланбастан әріптесіммен бірге көліктің дабылын қосып алып, сол жаққа қарай тарттық. Бар ойымыз баланы аман алып қалу болды. Каналдағы су көтеріліп, арнасы толып тұрған болатын. Оқиға орнына жеткен кезде көліктен шығып, киімімді шештім де суға сүңгіп кеттім. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқардым. Бастысы бала аман!», - дейді полицей.
Жасөспірімді судан алып шыққаннан соң полицейлер оны бірден Жетісай аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Жол-жөнекей балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Қазір баланың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Алғашқыда жансақтау бөліміне жатқызылған жеткіншек қазіргі уақытта бөлімшеге ауыстырылған. Өз кезегінде балаларын аман алып қалған полицейге жасөспірімнің ата-анасы шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдіруде.