Түркістан облысында шенеуніктердің үстінен арыз-шағым көп жазылатын аудандар белгілі болды
Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлердің үстінен арыз-шағым жиі жазылатын аудандар белгілі болды. Осы аптада облыстық Әдеп кеңесінің отырысында мұны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлім етті.
Төрағаның айтуынша, Әдеп кеңесіне арыз шағым Сайрам ауданынан көп жазылады екен. Бұдан кейінгі орында Шардара, ал үшінші орында Төлеби ауданы тұр.
Сайрам халқы тығыз қоныстанған өңір ғана емес соңғы жылдары мемлекеттік қызмектерлерді қатысуымен болатын заңбұзушылықтар көп тіркелетін аудан саналады. Осы ауданнан Әдеп кеңесіне түскен істердің басым бөлігі жерге және сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Айталық аталған аудандағы Қарасу ауылдық округінде бас маман-іс басқарушы болып істеп жүрген шенеунік жер әперемін дегене желеумен халықтан ақша жинап, ақыр аяғында тұрғындарды тақырға отырғызып кеткен. Бір тұрғын 25 жер телімін алу үшін бас маманға 18 миллион теңге берген. Мұнымен тоқтамаған ол Әйтеке би ауылындағы 30 адамның әрқайсысынан 100 мың теңгеден, жалпы көлемі 3 миллион теңге алған. Ақбастау ауылындағы 30-дан астам адамнан 11 миллион теңге жинаған. Осыдан кейін жер сұраушылардың қолына жалған шешімдерді ұстата берген. Әрине, қылмыстық іспен құзырлы органдар айналысады. Дегенмен былтыр осыған жол берген шенеуніктердің де үстерінен тәртіптік істер қозғалып, мәселелері Әдеп кеңесінде қаралған болатын.
Шардара мен Төлеби ауданынан түскен арыз-шағымдар да негізінен ауыл әкімдерінің жөнсіз тірліктеріне қатысты.