Елімізде 92 ауыл тасқын астында қалуы мүмкін

Oinet.kz 03-02-2020 1678

Қызылжар өңіріндегі 92 ауыл тасқын астында қалуы мүмкін. Биыл қар әдеттегіден 2 есе көп. Сондықтан құтқарушылар ғана емес, прокурорлар іске кіріскен. Олар дамбаларды тексеріп, олқылықтарды анықтаған, деп хабарлайды Oinet.kz порталы Stan.kz - ке сілтеме жасап. 

су тасқыны.jpg

Аймақта қыстың басталғалы 150 мм қар жауған. Бұл орташа мөлшерден шамамен екі есе көп. Кейбір жерде қардың қалыңдығы бір жарым метрге дейін жетеді. «Апат айтып келмейді» деген қағидаға сүйенген төтенше жағдай мамандары әу баста тасқынның алдын алуға кіріскен.

«Біз 160-қа жуық елді мекенді қорғауға байланысты жұмыстарды аяқтаған болатынбыз. Бұлардың ішінде канал қазу, жер үйінділері, жасанды дамба, сол елді мекендерге қауіп төндіріп, судың келуіне себеп болып отырған автокөлік жолдарындағы су құбырларын үлкен диаметрге өсіру немесе болмаған жағдайда сол жерге су құбырларын қою жұмыстары жүргізілуде», – дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Ерік САРЫБАЕВ. 

Аймақта тасқынға қарсы 22 нысан бар. Оның сегізі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ең осалы болып саналған Сегізкөз су қоймасы былтыр ғана жаңғыртылған. Алайда, дамба алғашқы тасқынға да төтеп бере алмапты.

«Уәлиханов ауданындағы Сегізкөз гидротехникалық құрылымына байланысты сот процессі жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары 2018 жылы жүргізілді. Жоба құны 100 миллион теңге. Ондағы сегіз ірі құбырдың үшеуі тасқынға шыдас бермеді. Қазір ол қайтадан апатты жағдайда тұр», – дейді СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Самат ТЕМІРБАЕВ. 

Казгидромет мамандарының мәлімдеуінше, ертеңнен бастап өңірде қайтадан боран соғады. Арты сарышұнақ аязға ұласады. Осының кесірінен қардың беті қатып, көктемде тасқын қаупін күшейтуі мүмкін, дейді метеорологтар.

Елімізде кәсіпкерлер 3 жылға салықтан босатылады
Қытайдағы 10 күн ішінде салынып біткен аурухана науқастарды қабылдауда (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу