Ақтөбеде жұмысшылар құлша жұмсаған бастығының былығын ашты

Oinet.kz 29-01-2020 908

Ақтөбе локомотив пайдалану депосының бір топ жұмысшысы ашық хат жазуға шарасыздықтан барып отырмыз дейді. Мекемедегілер тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Бәрі ашулы. Қайсысын тыңдасаң да, талабы бір. «Басшылықты орнынан кетірсін!» дейді. Әсіресе, депо басшысы Талғат Медеубаевқа өкпелері қара қазандай. Қит етсе, боқтайтын көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған OINET.KZ хабарлайды.

image.png

«Бізге айтатын екі сөзінің бірі «нах...» «тупойсыңдар», «бездельники». Кейбір машинистерді, помощниктерді «хозбандаға» түсіріп тастайды. Өйткені, менімен амандасқан жоқ дейді. Онымен қалай сөйлесуге болады? Амандассаң амандасты дейді, амандаспасаң, тағы да жаңағыдай", - дейді Ақтөбе локомотив пайдалану депосының машинисі Жанғали Тәжиев.  

Сондай-ақ, «Отырса-опақ, тұрса-сопақ» болғанымыз былай тұрсын, өзіміздің адал еңбегімізбен тапқан айлығымызды да дұрыс төлемейді деп шу ете қалды. Артық жасаған жұмыс уақыттары есепке алынбайтынын айтты.

«Артық сағатымыз төленбейді. В общем, құл болып жүрміз. Айлығымыз 5 жыл бойы өзгермеді. Күннен-күнге құлдырап түсіп барады.Жылма-жыл процент қосылады дейді, 7-8 процент. Корешокта көрсетілмеген», - деді тағы бір депо машинисі Жұмабек Ысқақов.

Мәжіліс залына жиналған жұмысшылар ғимаратқа кіргеннен кейін де айқайға басты. Депо басшысының әңгімесін қоластындағылдағыларға ешбір қысым көрсетпейтінінен бастағаны сол еді,залдағылар шу ете қалды:

«Жоқ, мен қысым көрсетпедім. Айтыңдаршы, қайда, қашан жұмыс істедіңдер?», - деп ақталды Ақтөбе локомотив пайдалану депосының басшысы Талғат Медеубаев. 

Жауап көп күттірмеді, залда отырғандардың арасында 3-4 адам орнынан түргелді. Бірі бастықтың үйінің құбырын ауыстырдым десе, енді бірулері шатырының қарын тазалағанын айтты.

«Өзінің үйінің жұмысы ғой, Медеубаевтың үйінің. Қарын күреуге 10 бала бардық. Крышасы ғой, соны маған айтады, жайлап ұр, мынау қымбат, сен бағасын, қанша тұратынын білмейсің ғой деп. Краскісі ұшып кетеді дегені ғой», - деді Ақтөбе локомотив пайдалану депосының жұмысшысы Дархан Қанатов. 

Даулы мәселеден кейін мекемеде ішкі тексеріс басталған. Комиссия да құрылыпты. Оның құрамында Көлік прокуратурасының өкілдері, Еңбек инспекциясы мамандары бар. Бұрын-соңды мұндай шағым болмап еді деген олар, мән-жайды тексереміз деді. Жалпы, Ақтөбе локомотив пайдалану депосында 800-ге тарта адам еңбек етеді. Медеубаевтың басшылыққа келгеніне 5 жылға таяп қалған.

Қарамағындағылардың сынап-мінеп, жұмыстан кетуін талап еткеніне Талғат Медеубаев түк демеді. Комиссия қалай шешеді, солай болады, басқа жауабым жоқ деп қысқа қайырды. Ал шағым айтушылар ол шешімге де күмәнмен қарайтындарын айтып қалды.

Машинистердің ашық хатта жазған әрбір мәселесі тексерілетін болды. Хатқа 100-ден астам адам қол қойған. Одан бөлек арнайы комиссия да құрылыпты. Оның қандай шешім шығаратыны бір аптадан соң белгілі болады.

Бразилияда нөсердің салдарынан 63 адам қаза тапты
1 ақпаннан бастап валюта айырбастаудың талабы өзгереді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу