Томпақ. Қазақ кино тарихына енген алғашқы анимациялық-фантастикалық сериал
«Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «Қазақстан аниматорлар ассоциациясы» және «Сақ» киностудиясы қазақ кино өнері және анимациясына үлкен жаңалық әкелді. Қазақстанда алғаш рет анимациялық персонаж бен кино кейіпкерлері шынайы үйлесім тапқан балаларға арналған фантастикалық «Томпақ» сериалы түсірілді. 12 бөлімнен тұратын фильмнің бала тәрбиесіне, олардың отансүйгіш патриот ретінде өсіп қалыптасуына әсері зор.
Фильмнің тұсаукесеріне «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы, кинотанушы Гүлнар Амангелдіқызы, «Сақ» студиясының директоры Нүриддин Паттеев, "Оңтүстікфильм" мемлекеттік мекемесінің директоры, аниматор Батырхан Дәуренбеков қатысты. Әр сериясы 30 минуттан құралған фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков, сценарииін жазғандар Батырхан Дәуренбеков пен Бақытжан Құлжабаев, ал қоюшы суретшісі Азамат Ерназаров.
Фильм Оңтүстіктің әсем жері Қасқасу ауылынан басталады. Ауыл мектебінде оқитын Тасболат, Есет және Берік үшеуі айнымас достар және сыныптың «бұзықтары». Бірде үш дос қараңғы түскенде Жүсіп атаның бауына алма ұрлауға барады. Иттің үргенінен үй егесі оларды тырқыратып баудан қуып шығады. Қалталарына толтырған алманы жеп жатқанда ауыл сыртындағы тау бөктеріне кометаға соғысып, апатқа ұшыраған беймәлім табақша келіп қүлайды. Оған куә болған сыныптас достар бөгдепланеталық тіршілік иесін құтқарып, оны ауыл тұрғындарынан жасырып, тығып қояды. Олар бөгдепланеталық Том Сириус Жак Си Пакпен тез тіл табысып, «Томпақ» деген қазақша есім береді. Томпақтың бойындағы ерекше тылсым күштің арқасында балалар оқуда да, спортта да үлкен жетістіктерге жетеді. Бірақ, балалардың құпиясын өтірікке жаны қас сынып старостасы Жасмин біліп қойған соң, олардың арасындағы талас өрши түседі. Шиеленіске толы фантастикалық сериалдың соңында балалар Томпақтың өз планетасына оралуына көмектесіп, бір-бірімен қимастықпен қоштасады.
Баспасөз конференциясы барысында Ләйлә Сұлтанқызы: «Балапан» телеарнасы біраз уақыттан бері балалар сериалын дамытсақ деген үлкен мақсат қойған болатын. Бүлдіршіндерге телеарнадан көрсетілген «Қайсар мен Санжар» сериалы жақсы таныс. Енді осы киноға қосымша тағы бір фильм түсірсек деген идеямен «Қазақстан аниматорлар ассоциаиясы» мен «Сақ» киностудиясына тапсырыс бердік. Міне, бес айдың көлемінде түсірілім аяқталды. Енді таңдау неліктен Оңтүстік өңіріне түсті деген сұраққа тоқталсақ, біріншіден бұл мекенде тарихи, киелі орындар баршылық, екіншіден солтүстік, шығыс басқа да өңірлерге қарағанда мұндағы балалардың тілі таза, яғни орыс тілі араласпаған. Түсірілім барысында шынайылыққа көп мән бердік. Себебі көп режиссерлар балалар фильмін түсіргенде олардың жас ерекшеліктерін ескермей жатады. Әр жастағы балалардың таным-түсініктері, деңгейлері әртүрлі. Оқиға екінші сынып оқушылар арасында өтетіндіктен, біз сол жастағы балалардың көзқарасымен сценариді жаздық. «Балапан» телеарнасы қыркүйектің 27-не үш жылдығын тойлайды. «Томпақ» фильмі телеарнаның жаңа маусымындағы үлкен жаңалық болатыны сөзсіз».- деді.
Күлия Айдарбекова басқаратын облыстық мәдениет басқармасына, Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің директоры мен ұжымына, Қасқасу ауылдық округі әкімдігіне, «Таугүл», «Тау самалы» балалар лагеръіне, Қ.А.Ясауи кесенесі және тарихи мұражайлар басшыларына ризашылығын білдірген Батырхан Дәуренбеков фильм балаларды патриотизмге баулитынына, қазақ тарихын танытатынына сенімді. Өйткені сериалдың бір бөлімінде балалар ежелгі қала Отырардағы жоғалып кеткен кітапхананы іздеуге барады, бір бөлімінде киелі Қазығұрт тауына сапар шексе, енді бірде күш атасы Қажымұқанның ерліктерін насихаттайды. Тіпті Тасболаттың атақты қолбасшы Шыңғыс ханмен жүздесетін сәті де бар. «Қытай елі шетелдік мультфильмдерді өз еліне кіргізуге рұқсат бермейтін заң шығарыпты. Ол өте дұрыс деп есептеймін. Себебі әр халықтың өз менталитеті, салт-дәстүрі бар. Туған елінің тарихымен сусындап өскен бала ғана отансүйгіш бола алады. Осы орайда «Балапан» телеарнасына айтар алғысымыз шексіз. Бүгінгі ұрпақ осы телеарнаның арқасында шетелдік өнімдерді көруін азайтты. Ал «Томпаққа» келер болсақ фильмнің сапасы өте жоғары. Балаларға ұнайды деген ойдамыз»,- дейді ол.
Кастингке қатысқан 100 баланың ішінен бағы жанған бүлдіршіндермен де тілдестік. Атаман Тасболаттың рөлін сомдаған Арманды режиссердің өзі шақыртыпты. Ал Беріктің рөліндегі Рахым Ахмедов кастингтен таланты мен ашық-жарқын мінезінің арқасында өткен. Сынып белсендісі Жасмин (шынайы есімі де солай) киноға алғаш рет түсіп отыр. Фильнің өзге де эпизодтарына Жүсіп Ақшора, Жұлдызай Дүйсенбиева секілді белгілі әртістер түскен.
Қазір «Томпақ» сериалы «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жатыр. Қазақ еліндегі анимациялық персонаж бен шынайы кейіпкерлер үйлесім тапқан алғашқы туындыға пікір немесе сын айту әлі ерте. Оны көрермен мен уақыттың еншісіне қалдырайық.