«Жаңғырық» көрерменге жол тартты
Шымкентте қасиетті Рамазан айында жастарды имандылыққа шақыратын «Жаңғырық» фильмінің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова, сондай-ақ қаладағы мешіт имамдары, облыстық «Жастар орталығының» өкілдері, журналистер қатысты. Қонақтар алдымен «Оңтүстікфильм» мекемесінің кинозалында фильмді тамашалады.
Фильмнің сценарийін жазған танымал режиссер, аниматор Батырхан Дәуренбеков пен жас актер, режиссер Шапағат Орынбаев. Ал режиссері «Оңтүстікфильмнің» жас режиссер-дебютанты Серік Таласов. Мистикалық-триллер жанрында түсірілген қысқаметражды фильмнің ұзақтығы 20 минутты құрайды. Жалпы түсірілімге екі ай көлемінде уақыт кеткен. Бұл Серік Таласовтың қолынан шыққан алғашқы киносы екен. Бірақ бұған дейін бейнебаяндар түсіріп, тәжірибе жинақтаған. Әріптестерінің айтуынша Серіктің ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Фильмнің композиторы және дыбыс режиссері Руслан Шынықұлов та тәжірибесі мол маман. Фильмге көп қаржы жұмсалмаған секілді. Дегенмен, сценарий авторы мен режиссер фильм үшін қалталарынан біраз қағылғандығын жасырмады.
«Жаңғырық» фильмі жастар аудиториясына негізделіп түсірілген. Басты идеясы жастарға өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге, имандылыққа бет бұрып, тура жолға сілтеу, оларға жат қылықтар мен әдеттерден арылуға, қоғамымызда орын алып жатқан түрлі қылмыстық іс-әрекеттерден бойын аулақ ұстауға шақыру. Фильм бұзақының өмір сүру үлгісін көрсететін басты кейіпкер құмар ойындарға беріліп кеткен Талғаттың түсінен басталады. Аурухана палатасында әлсіз жатқан сәтінде оған бейтаныс бір кісі кіріп келеді. Бейтаныс кісіні өзін өлтіруге келген баскесер деп ойлаған ол қатты қорқып, ұйқысынан шошып оянады. Бұл Талғаттың құмар ойынның соңында кеткендігін, егер дер кезінде өз-өзін тоқтатып, тәубасына келмесе мұның арты жамандыққа әкелетіндігінің белгісі еді.
Басты кейіпкер Талғаттың рөлін Әнуар Шымырқұлов сомдапты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бітірген Әнуар бүгінде пародия жасаудың шеберлері «Өнер қырандары» театрының мүшесі. Жаны сатира, комедия жанрына жақын болғанымен, айтар ойы салмақты фильмнің де жүгін сәтті арқалап шыққан. Ал фильмнің тағы бір кейіпкері Айгерімді Сапара Алайдарова ойнаған.
Көрсетілім барысында журналистерге фильмнің тууына себепші болған, ат салысқан шығармашылық топ таныстырылып, пресс-конференция өткізілді. «Қазіргі таңда жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз қажет. Діни эсктремизмнің ушығып тұрған заманында оларға аға, әпке болып, дұрыс бағыт-бағдар бере білсек, ешқандай қауіп болмас еді. Ал кино өздеріңіз білесіздер бірден-бір насихат құралы болып табылады. Осы фильм арқылы жастарға тәлім беріп, жалпы қоғамның иманды болуына кішкене болса да үлесімізді қоссақ дейміз»,- дейді «Оңтүстікфильм» мекемесінің редакторы Алтынай Қарабалина.
Жиын соңында келген қонақтар мен аузы берік мұсылман бауырларға арнап мекемеде ауызашар дастарханы жайылды.
«Оңтүстікфильм» бұған дейін де имандылық тақырыбында «Алып піл» мультфильмін елге ұсынған болатын. Мультфильм қасиеттi Құран Кәрiмнiң Фил сүресiндегi оқиға негiзiнде түсiрiлген. Ұлт данышпаны Абай Құнанбаевтың «Алланың сөзi де рас, өзi де рас» деген нақылымен басталатын туындыда бүлдiршiндерге Фил сүресiнiң мәнi мен маңызын түсiндiрілген еді. Мультфильмді алғаш болып тамашалған имамдар оған жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірген болатын. Батырхан Дәуренбековтің айтуынша алда тағы да тәрбиелік мазмұнда фильмдер түсірілетін болады дейді. Ал таяу күндері режиссер Айдар Әжіғалиевтің түсірген «Ауыл академиясы» атты жаңа туынды жарыққа шықпақ. Қазір фильм өңделу үстінде. Ендеше оразада мұсылман бауырларымызға жол тартқан «Жаңғырық» фильмі де көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамыз.