Түркістан: «Таза сессия» науқанында ереже бұзған 12 студент емтиханнан шығарылды
Бүгінгі студент - ертеңгі маман, елдің келер болашағы. Оқу үдерісінде сыбайлас жемқорлыққа және әділетсіздікке жол беру – ұлт болашағына балта шабумен тең.
Осыған орай, бүгін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және ашықтық пен адалдық, әділдік құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Таза сессия» акциясы бастау алды.
Бұл науқан Халықаралық университет пен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментімен жұмыс атқаруға арналған меморандум аясында жүзеге асуда.
Науқанның басты мақсаты - жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту және оқу орындарында сыбайлас жемқорлық жағдайын анықтау, оларды болдырмау тетіктерін қалыптастыру.
Аталмыш акция барысында Департаменттің аға офицері А.Талғатұлы мен «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсе және «Парасаттылық орталығының» қызметкерлері бірлесіп, қысқы емтихан сессиясына мониторингтік бақылау жұмыстарын жүргізді.
Жүйелі бақылау нәтижесінде, университеттің ережесін сақтамаған 12 студент емтиханнан шығарылды.
Айта кетсек, аталған бастама облысымыздың барлық ЖОО-ы мен колледждерде өз жалғасын табатын болады.