Ғылымнұр Кәдірбайұлы: «Біздің тағдыр қос мәдениеттің, екі қоғамның ортасында қалыптасты»

Oinet.kz 12-12-2019 1761

Ғылымнұр Кәдірбайұлы қазақ әдебиетінде өз ізін қалдырған тұлғалардың ізбасары, жас буын, жас ақын. «Үттегі қақ» атты жыр жинағының авторы. Жас қаламгер 1997 жылы Хантәңірде дүниеге келген. 

- Ақын тағдырды емес, тағдыр ақынды таңдайды дейді.  Жас ақын ретінде, тағдырға налыған күндеріңіз бен азды көпті өкінішіңіз бар ма?

- Бәрін құдайдың жазғаны деп білетін, жазмыштан озмыш жоқ деп сенетін қазақ дүниетанымы тағдырға налып, күйреген қиын күндерді тез жеңіп, оңай ұмытқан. Жарық дүниеге, нұрлы күнге іңкәр болған. Мына қым-қуыт заманда өкініші жоқ тірі өзек жоқ шығар. Әр адамның жеке тағдыры бар.  Бірақ, өзің білесің, біздің тағдыр өлара дүниенің, екі дәуірдің, екі қоғамның, қос мәдениеттің ортасында қалыптасты. Осы тұрғыдан шекарамызға кірмейтін туған жерімізді, 18 миллион жан санына жатпайтын ата-ана, туыс-туғанды ойласаң көкірек езілетіні шын. Тағдырға налу керек болса ағайынмен жүрежат, туған жерге туажат болған тайқы жазмышқа болар.Ғылымнұр.jpg

- "Ақын сөз зергері, сезімнің иесі, тағдырдың адамы" деген тіркестер көп айтылады. Ал, сіздің түсінігіңіздегі "ақын" деген кім?

- "Сөз зергері" иә, бұл ақындықтың бізге жеткен бір тамшы қасиеті ғана еді.  Ғалым Едіге Тұрсыновқа көбірек жүгінем. Неолит дәуірінде халық пен Тәңірдің арасындағы тылсым байланысты жалғайтын, фольклорлық жадысы мықты, күллі халықтық ғұрып пен жырға жетік "дәнекершілер" пайда болды.  Қазақ мәдениетін жеткізушілердің түп атасы. Сол дәнекершілерден қола дәуіріне келгенде "бақсы"  мен "көрікчі"  типі қалыптасады.  Темір дәуірінде осы екі сой тарамдалып "сыншы"," болжаушы-абыздар өз биігіне көтеріледі.  Жыраулар осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген, жетесіне жетпіс өнер дарыған жалғастырушы. Ал, ақынның сипаты бөлектеу. Меніңше, қазақ тарихында жыраулардың шамы сөне бастағанда ақындар тарих сахнасына көтерілді. Оның басында Тәтіқара, Шал ақындар тұр. Бірақ, ол бірден пайда болмады. Темір дәуірінен бері ел ішінде бар. Ауызекі суырып-салу, сөз қағысып айтысу, елдің көкейіндегі сөздерді тап бермеде тауып айту сынды үлкен қоғамдық мінберге шықпайтын түйіткілдер еншісі болды. Ал, өз биігіне ақындар көтерілгенде олардан "салдар", "серілер" тармақталады, қалыптасу тарихына көз жіберсеңіз. Бір ғана "серілердің" қаншалықты рөл атқарғанын Т.Әсемқұловтың "Қылышымның майын бер" атты мақаласынан оқи аласыз. Жалаңаш барып жауға тиген шері болды олар. Кейін заман өзгеріп, толарсақтан қан кешу сирегенде қолына домбыра алды. Бір халықтың рухани мәдениетін жасады. Биігіне көтерді. Сіз айтқандай олар "тағдырдың адамы" болды. Ал, «сөз зергері», «сезім иесі» деу кейінгі дәуірде қалыптасқан өлең өлшеміндегі жалқы категория. Менің ұғымым сол ұлттың шаңырағына уық болып қадалатын ердің сойлары ғана нағыз ақындар еді.  Олар "Сөйлесе қызыл тілдің шешені, ұстаса қашағанның ұзын құрығы, қалайлаған қасты орданың сырығы" бола білді.

- Неліктен "Үттегі қақ"? Аталған жыр жинағының жарыққа шыққанына бірнеше уақыт болса да мағынасын ұғынғысы келетін оқырмандар бар болар?

- Білмеймін енді, біреу білгісі келер. Келмес. 

"Ай өтті, өсік кетіп, үт кеп қалды, 

Өзгелер жығылғанын тіктеп те алды", - дейді ғой Есенғали Раушанов. «Үт» деген ақпан аяқтар, наурыз келер шақта, қарға жерден жылу өтер мезгілде келетін амал. «Қақ» - мөлдіреп еріген қар суы. Қақ тұрды, қақтың суы дейді. Сол үттегі күннің көзі бүйірінен түсіп, шекесінен жылу өткенде сіресіп жатқан қасат қардың кіреукесі сөгіліп, тамшылап еруі. Мөлтілдеп қақ тұруы. Бұл өлең секілді пакиза, таза, мезеттік сәт.

- Үттегі қақ" өлеңінде "Әлемет нұрларға оранып кетіп ең, Қайтара алмайтын жолдар-ай, өкінем" - жолдарының иесі бар ма? Ақындық жаныңа "өкініш" туындатқан не нәрсе?

- Мен қазір бізге миф болып кеткен, айтсаң ертек, айтпасаң жетім ежелгі түркілік дүинетанымға кіндігімнен байланғам. Ертектегі батырлардың жаны өзінде болмайды, Борықты бұлақтың басында, қайқы қара еліктің ішінде. Шапса да, атса да өлтіре алмай ақыры қылышын көлге тастап бақиға аттандырғанымен қылыш қайта өзіне оралғанда ол тіріледі. Демек бұл жан мәңгілік. Ежелгі дүниетанымдағы Ғұмыр-Ағашымызда ол тоқтаусыз айналып тұрады. Атадан балаға көшеді. Ұрпақпен мың жасайды. Қайта тірілуіде сол. Ал, "Үттегі қақтағы" аталмыш өлеңнің өз иесі бар! Мынадай тағдыр болды. Үш жыл бұрын. Шілде айы. Жайлаудамыз. Ет жеп болып, қымыз ішіп отырғанбыз. Көкем мықты деген ұстаға соқтырған, таутекенің мүйізімен саптаған бәкісімен ортанжілікті шағатын болып ұрып қалғаны сол еді бәкі ортасынан қақ бөлінді. Жүрегіміз дір ете түсті. "Бастан құлақ садаға, тфай, ештеңе болған жоқ" жеңгеме берді да бәкіні ары жөнелттік. Содан екі күн өткенде менің туған інімнің жаны мәңгілікке ұшты. Міне, тағдыр осы. Мен ескі танымнан, әлемет дүниеден ажырасақ өкінермін. Ал, інімнің жаны түбінде қайтып оралады. Бұл менің сенімім.

- Бүгінде, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? "Үттегі қақтан" соң тоқтап қалмассыз. Жазушылық дарыныңызды да байқадық. Қазіргі таңда, әңгіме жазып жатыр деп естідік. Ол әңгіменің бағыты қандай, не туралы болмақ?

- "Үттегі қақтан" кейін түйенің боталағанынан да аз жазатын болдым. Адамда бір аса жауапкершілік сезім пайда болады екен. Сен бір кітап жаздың, оны екінші рет тағы жаза аласың, үшінші жолы және қайталасаң не құны қалды, тоқыраған, тоқтаған шығармашылық деңгейде қаласың. Сондықтан, қазір басқа бір жол іздеп жүрмін деп жұбатамын өзімді. Ал, прозаға келсек 2017 жылдың жазында "Сүршең" деген алғашқы хикаятымды жаздым. Азын-аулақ әңгімелер жазылып жүр. Бірақ, жазайын деген дүниенің етегіне де жолай алмай жүрмін. Махаббат, балалық шақ туралы роман жазып жатсам айта салар едім. Мүмкін ештеңе жаза алмаспын. Еш бағытқа, тақырыпқа, жүйеге, заңға, қағидаға бағынбайтын еркін дүниені көксейсің. Бірақ, біздің қоғам енді нағыз өзінің өміршең, ұлы шығармаларын, таңғажайып романдарын қайнатып шығаратын мезгілде тұр.

- "Қағазға түспеген ой жоғалған қазына" дейді. Кейде ойыңа келген өлең жолдарын дер кезінде қағазға түсірмей жоғалтып алған сәттерің болды ма?

- Шынайы ой пісіп жетіледі, бірте-бірте кемелденеді. Жарқ етіп жоқ болған дүние сезім. Қағазға түспей, мидың шыңырау моласына қайта түсіп кеткен ойлар сансыз ғой. Оның бәрін біржолата адам баласы ұстап қала алмайды. Бәрін ұстап алса бұ дүние бұлай тұрмас. Мен бір жақсы дүние ойладым, бірақ қағазға түсіре алмай қалдым, сол ойды ертең не келешекте және біреу жазады. Ең қорқыныштысы жаман ойдан сақын. "Оң қол" шығармасында Алмада не жазық бар. Бар кінәсі оның ата-бабасының кесірлі ойы. Ал, бізде болашағымызды өскелең ой, таза мұратпен елестетсек ұрпақ соған жетеді. Бабалармыз аңсаған еркіндік деп жеткеніміз сол қоспасыз, періште ойлар ғой. Сол үшін жақсы ойдың қағазға түспей қалғаны аса өкінішті емес, қиыны керісінше ойлау.

- Әр ақын мен азаматтың өз биігі бар... Болашақта шыққыңыз келетін биіктің тұрпаты қандай?

- Ақын-азамат бір ұғым. Сенің бойыңда азаматтық, кісілік жоқ болса екі ауыз сөз ұйқастыру сөзге қиянат. Болашақ туралы ойлану қиын, қиялдау оңай. Жетпей айтсаң бөспе боласың, жеткенде айтсаң еспе боласың. Сол үшін бәрін тек үнсіз істеу керек.

Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Қалаулымда той. Жобадағы қос қатысушы отау құрды
«Қалаулым» қай елден келген?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу