«Қалаулым» қай елден келген?
Махаббат пен жанына жылылық іздеген қыз бен жігітті қосатын «Қалаулым» жобасы отандық қос бірдей арнаны жаулап алды. Болашақ серіктерін көгілдір жәшік ішінен іздеп келген екеу ұлтымыздың құндылығы саналатын салт-дәстүріміз бен «қызға қырық үйден тыйым» деген даналық сөзін ысырып тастап ел арасына шығудан еш қымсынбайтын болды.
«Евразия» және «НТК» арналарында үш сағат көрсетілетін шоу бағдарлама өзгелердің титығына тиіп біткені сөзсіз. Себебі, көркем мінезді, кісі алдынан кесіп өтпейтін, кішіпейіл қазақ қыздары бойындағы бар мінезін сыртқа шашып әлек. Бір-бірімен шаш жұлысып, жаға жыртысқанда тап бір «боевик» көріп отырғандай әсерде қалдырады. Ал, дәл осы «Қалаулымның» қай елден келгенін білесіз бе? Түркияның «Zuhal Topal`la» телебағдарламасының нақ көшірмесі. Отандық көшірме бағдарламалардың санын жалғап жатқан жоба десек артық айтқандық емес. Биыл «Қалаулым» жобасының үшінші маусымы болып жатыр. Алайда, бұл тақырып әлі де ыстық. Неге? Себебі, түрік мәдениеті көтеретін жобаны қазақы орта әлі күнге дейін дұрыс қабылдай алмай келеді. Алайда, қазақ қабылдамаса демек, оның ойсыз тақырып болғандығы. «Қазақтар өмір бойы пиармен айналысады», - дейді IT саласының маманы Нұрлан Жанай. Расында да, «атың шықпаса жер өрте» дейтін бүгінгі қазақ, өзін таныту үшін өзінің сыртқы дүниесімен қатар, ішкі жан дүниесін ақтаруға да шебер болып алды.