ҚР Тұңғыш Президенті күні М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да аталып өтілді
1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні. Аталмыш мереке жыл сайын еліміз бойынша кең көлемде аталып өтіледі. Осыған сәйкес, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да құр алақан қалған жоқ.
Мереке қарсаңында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Мерекелік концертке жоғары білім ордасының ректоры Дария Қожамжарова мен студенттер, университет ұжымы қатысты. Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевпен бірге 1958 – 1960 жылдары Украинаның Днепродзерзержинск қаласында Металлургтер даярлайтын №8 техникалық училищеде бірге оқыған Тельман Спаев пен 4 жыл Елбасымен бірге Теміртауда қызмет атқарған Е. Сапарбаев арнайы келді. Елбасының өмір жолы мен ел үшін атқарған жұмыстары жөнінде әдемі естеліктермен бөлісіп, шараға қатысқан жастарға ақыл-кеңестерін де айта кетті. Мұнан соң концерттік бағдарлама бойынша сахна төрінде би биленіп, әсем ән шырқалды.Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламент сенатының отырысында "ҚР заңына толықтыру енгізу: "Қазақстан Республикасындағы мерекелер" заңы қабылданған болатын. Тұңғыш Президент күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің Қазақ елі үшін жасаған еңбегін елеп, ескеру мақсатында күнтізбеге бұл күн арнайы енгізілді. Міне, осы сәттен бастап жыл сайын ҚР Тұңғыш президенті күні еліміз бойынша аталып өтіледі.