«Ақ самаурын» Шымкентке де жетті

Oinet.kz 29-11-2017 952

Screenshot_21.jpg

Алғашқы еңбек жолын қалалық  «Шымкент келбеті» газетінде шыңдалудан бастап, одан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып абыройлы қызмет атқарған, бертінде республикалық «Түркістан», «Жас Алаш» «Егемен Қазақстан»  газеттерінің   меншікті тілшісі ретінде оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген, Жамбыл  облыстық «Арай» газетін басқарған, бүгінде «Жас Алаш» газетінде бас редактордың орынбасары дейтін жүкті зор жауапкершілікпен арқалап жүрген, былайша айтсақ журналистика саласының барлық баспалдақтарынан, тоғыз қабат тор сүзгісінен өткен қаламы жүйрік Оралхан Дәуіт енді өзінің жазушылық қырымен де елдің назарына ерекше түсе бастады. Жақында Алматыдағы  атақты «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Ақ самаурын» деген әңгімелер жинағы осының айғағы. Ақпарат құралдарында, әсіресе әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызған бұл бөлекше кітаптың тұсаукесері бұған дейін Алматы,  Тараз қалаларында ұйымдастырылса, Шымкент жақтағы оқырмандардың өтінішініне орай   осы аптаның басында «Рейтинг» газетінің редакциясында жарасымды жалғасын тапты. Тұсау кесерді тұсау шешер деп өзгерткен дұрыстығын соңғы кезде оқырман ортасында жиірек қозғап әрі нақты қолға алып жүрген белгілі қаламгер-журналист Мархабат Байғұтқа бұл жолы да осы сый-құрмет бұйырды.  «Жасыл түс негізі «Құран кітапың» әу бастағы түсі болған. Кітап жасыл түспен шыққанын  көріп  риза болып отырмын. Жас кезімде «Сары самаурынды» оқитын едім, енді міне «Ақ самаурын»  пайда болды. Шебер қаламгерге айналып үлгерген Оралханның қарапайымдылығын жақсы көремін. Алғашқы кітапты шығарып отырса да дүбірлі той өткізбей, оқырмандардың өзі естіп келіп отыр. Негізі  сатира жанрында жазылған шығармаларды кітап сүйер қауым жоғары бағалайды. Туындыдағы  әңгімелерді оқығандар әңгіменің сюжетін күліп айтып отырғанын талай көрдім. «Оралханның мынау әңгімесін оқыдың ба?»,- деп іздеп сұрайды. Оның өзі қаламгерлік бақыт деп білемін. Сондықтан сол бақытқа жеткенің құтты болсын Оралхан!»,- деді бір бума кітаптың тұсауын шешкен ол. 

Мұндай жиынның өтетінін елден естіп ауылдан ат терлетіп келген  ұлағатты ұстаз Көшкінбай Елікбайұлы «Оралхан інім айналайын алғашқы шығарып отырған кітабың құтты болсын! Жазып жүрген қысқа әңгімелеріңді  үнемі оқып жүремін. Өмірде кездесетін тосын оқиғаларды жазасың. Қазіргі дамыған  интернеттің заманында өзіңнің бір стильіңді алып келдің. Оқырмандардың талабына сай дүниелерді жазғаныңа ризамын. Оралханның әкесі де қаламы өткір журналист болған. Ол ағамыздың да шығармаларын оқитын едік.  Оралхан Бөкейдей болсын деп атыңды Оралхан деп қойған. Сол үшін Майбұлақ ауылынан шыққан Оралхан Дәуіт деп мақтан тұтып айтып жүрейік»,- деп жүрекжарды лебізін білдірді. 

Бұл күні «Ақ самаурыннан» шай ішуге  келген достары, әріптестері, оқырмандары жинақта өздерінің қалай кейіпкерге айналғанын әңгімеге арқау етіп езуге қайта-қайта күлкі үйірілген тамаша жүздесу өтті. 

ҚР Тұңғыш Президенті күні М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да аталып өтілді
Елу жылдан соң ашылған хат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу