​Тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығы – «Рейтингте»!

Oinet.kz 28-06-2017 1112

Screenshot_2.jpg

Арын  бәрінен қымбат санайтын, кемшіліктерге төзбейтін, өз өмірін халық ісі үшін арнайтын, мемлекеттегі және жер жүзіндегі оқиға-құбылыстарға сергектікпен қарайтын,  өз елінің шын патриоты  - журналистер қауымы күні кеше кәсіби мерекелерін атап өтті. Еңбегі жоғары бағаланған әріптестеріміз лайықты марапаттарын алды. Осы орайда биылғы жыл «Рейтинг» ақпараттық-сараптамалық апталығы үшін өте табысты жыл болып отыр. Олай дейтініміз, басылым республикалық  деңгейде үздік атанса, оның осындай биіктен көрінуіне еңбегі сіңген журналистер де түрлі марапаттауларға ие болды. Атап айтқанда, «Рейтинг» газетінің бас редакторы Бақытжан Әбдірашұлы облыс әкімінің Грамотасымен, «Rg media» ақпараттық порталының бас редакторы Абылайхан Сматуллаұлы «Ең үздік ақпараттық агенттік» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, күні кешеге дейін «Рейтинг» газетінде шыңдалған, пікірін өзгеше білдірмек болып «еншісін» алып шыққан әріптесіміз, «Өзге пікір» газетінің бас редакторы, «Заң»,»Қазақстан-Заман» газеттерінің меншікті тілшісі  Шадияр Молдабек «Үздік аймақ тілші» номинациясына ие болды.  

Бұл қуаныштарымызды Астанадан келген сүйінші хабар еселей түсті. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш «Үркер» Ұлттық сыйлығын жариялаған болатын. Күні кеше кешкісін, яғни 28 маусымда елордамыз Астанада талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсетуді басты мақсат еткен «Үркер» сыйлығы 15 аталым бойынша табыс етілді. Он бес аталымның әрбір жеңімпазы бір миллион теңгеден алды. 

Осы он беске ілінудің оңай болмағаны анық. Конкурсқа қатысушылар үшін бәсеке өте жоғары болған. Олай дейтініміз, жеңімпаздар анықталар алдында байқауды ұйымдастырушылар 700-ден аса өтінім қабылданғанын, кей жерде бір дауыстың өзі шешуші рөл атқарғандығын мәлімдеген болатын. Ал байқаудың қазылар алқасы осы саланың майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралды. Нақтырақ айта кетелік, үміткерлер ұсынған материалдарды мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, беделді журналист Намазалы Омашев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Өңірлік БАҚ альянсының жетекшісі  Әлібек Әлденей, саясаттанушы Расул Жұмалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы «farmers.kz»  порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек саралады. 

Байқауға қатысқан жүздеген басылым арасында «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясында біз де, яғни «Рейтинг» газеті де, бағымызды сынап, талапқа сай бағытымызды білдірер, шығармашылық  деңгейімізді танытар еңбектерімізді жолдаған едік. Байқауға өтінім білдірген 700-ден астам үміткерлердің арасынан іріктеліп алынған 75 –тің қатарынан табылып, әр номинация бойынша жүйрік шыққан алғашқы бестіктің тізімі белгілі болғанда бір қуандық  Ақмола облыстық  «Арқа ажары»,  Оңтүстік Қазақстан облысынан  «Рейтинг»,  100 жылдығын тойлағалы отырған Шығыс-Қазақстан облысының  «Семей таңы»,  Қарағанды облысының  «Индустриальная Караганда»,  Атырау облысының  «Ақ жайық» газеттері «Үркерден» бірден-бір үміткер ретінде аталды, алғашқыда. Баспасөзде бәсекелестік дамыған бүгінгі таңда алдыңғы қатардан көрінудің өзін бір мәртебе санап, газетіміздің кезекті нөмірін баспаға дайындап жатқанымызда Астанадан сүйінші хабар келіп жетті.

«Рейтинг» ақпараттық-сараптамалық апталығы  «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылып, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері атанды! Яғни, «Рейтинг» еліміздегі баспасөз басылымдары арасында «Үркер» ұлттық сыйлығын алған тұңғыш газет ретінде де тарихта қалады.Бұл тек екі күннің бірінде жаңа басылым желкен тартатын, акпарат айдыны асып-тасып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы үшін ғана емес «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы Қазақстанның әрбір аймағы мақтан тұтар толғай табыс деп есептейміз. Сыйлықты Астананың «The Ritz-Carlton Astana» қонақүйінде өткен салтанатты кеште «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Жандар Наурызбайұлына медиа саласының белгілі менеджері, «Forbes Kazakhstan» журналының бас редакторы Арманжан Байтасов табыс етті. 

Басылымның мұндай жетістіктерге жетуі оқырмандарымыздың сенімі мен сүйіспеншілігі, талғамы мен таңдауы, жазылым кезіндегі қолдауы ықпал еткені анық.

Ендеше марапат сіздерге де құтты болсын, мәртебелі оқырман қауым!

«Рейтинг»

​Шымкент мұнай өңдеу зауыты Еуро-4, Еуро-5 бензинін шығаруға сақадай сай
Үміт керуені тоқтамасын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу