«Рухани жаңғыру» бағдаламасын тілге тиек етіп пара алған басшы ұсталды
Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірдегі басқарма басшысына қатысты ірі көлемде пара алды деген күдікпен Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Шенеунік 2019 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облыстық өлкетану музейі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы музей экспозициясын жаңарту бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойған. Ол бұл үшін кәсіпкерден бірнеше рет пара алған. Жалпы сомасы 15 миллион теңге мөлшеріндегі пара алды деген күдікке ілініп отыр", - делінген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада.
28 қазан күні Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы параның қалған 5 миллион 700 мың теңге сомасын алу кезінде ұсталып, Көкшетау қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.