60 миллиондық параның артында кім тұр? - Шымкентте жемқорлық өршіп барады

Oinet.kz 26-04-2023 1036

Шымкент қаласында аудан әкімінің орынбасары 60 миллион теңге парамен ұсталды. Өткен аптада құзырлы органдар таратқан ресми ақпарат жұрттың жағасын ұстатты. Қарамағында анау айтқандай құзыреті жоқ, коммуналдық мәселенің айналасынан ұзап шыға алмайтын аудандық әкімдіктегі орынбасардың алатын парасы осы болса, онда құрығы ұзындау деген басқарма басшыларының, миллиардттардың тендерін ойнатып жүрген шенділердің ставкасын ойлаудың өзі қорқынышты емес пе?!

Screenshot_1.png

Статистикалық мәліметтерге қарағанда,  биылдың алғашқы екі айында Шымкентте сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар күрт көбейіп, оның саны 23-тен 36-ға артқан. Жалпы, үшінші мегаполистің соңғы екі-үш жылдың көлемінде сыбайлас жемқорлықпен елді  шулатып жатқаны рас. Бір шенеунік бюджеттің қаржысын жарты миллиардттап жегені үшін, енді бірі жоғарыдағы басшыға «Айфон» алып беру үшін мердігерді бопсалап, тиісті жазасын алды. «Айран ішкендердің құтылып, шелек жалағандардың тұтылғаны» туралы әңгіме бөлек. Жалпы, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың көбеюі әкім Мұрат Әйтеновтің ең әлсіз жері болып тұр десек, қателеспейтін сияқтымыз. Бәлкім бұл кездейсоқтық та емес шығар.

Күні кеше Шымкентте қарамағындағы дәрігерлерге сыйақы беріп, оның жартысын жеп қойған бас дәрігерге үкім шықты. Бұл туралы сәл кейінірек, алдымен 60 миллион теңгеге қатысты мән-жайға оралсақ.

Шымкентте Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің ұсталғаны туралы жайсыздау хабар осыдан он бес шақты күн бұрын алдымен әлеуметтік желіде тараған болатын. Бірақ мұны жоққа шығарған әкімнің өзі ақпарат құралдарына сұхбат беріп, әлек-шәлек болған. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» арада екі апта өткен соң белгілі болды.

Шымкент қаласы бойынша  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Дәурен Ерғарин мегаполистегі бір аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

-Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісім шартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деп күдіктелуде. Шымкент қаласы сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды,-деді әлеуметтік желідегі жазбасында Дәурен Ерғарин. 

Шымкенттің бас антикорының айтуынша, өзге ақпараттар жария етуге жатпайды. Ол сонымен бірге, Конституция мен Қылмыстық-процестік кодекстің баптарына сәйкес  қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінә тек соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленетінін ескертіпті.

Мегаполистің бас антикорының бұл сөздерінен біраз мәселені аңғаруға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, Шымкентте қазір бес аудандық әкімдік болса, олардың қолдарында анау айтқандай құзырет жоқ.  Ал енді қолындағы құзыреті жоқ әкімі орынбасары мердігер компанияны қалайша қамқорлығына алады? Яғни, алдағы уақытта  бұл іс бойынша күдіктілердің қатары екі шенеунікпен шектелмеуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде бұған қалалық әкімдіктегі лауазымды атқамінерлердің қатысы бары туралы ақпараттар желдей есіп тұр.  

Әрине, соттың үкімі шықпай жатып пәлен-түген деуден аулақпыз.  Бұл істің мән-жайы әлі толық белгісіз. Бірақ егер ұсталғандардың кінәсі дәлелденсе...

Естеріңізде болса, 2021 жылы Түркістан облысы  Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аудандағы қарпапайым бөлім басшысының   30 миллион теңге парамен ұсталуы көпшіліктің жағасын ұстатты.

Аудандағы қарапайым бөлім басшысы 30 миллион теңге пара алғанда аудан, қала әкімдері тиын-тебенге тісін сындырмайтыны айтпаса да түсінікті ғой. 2022 жылдың ақпанында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов жол жөндеумен айналысып жатқан мердігер компанияның басшысынан 98 мың 500 доллар параны арнайы жіберген адам арқылы алмақ болған. Теңгеге шаққанда ол 42 миллионды құрайды. Құзырлы органдар Махажановты ұстаған бойда Алматыға алып кетті.  Шілдеде сот оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тамызда үкім күшіне енген соң енді  облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкіге кетті.

Міне, енді Шымкентте аудан әкімінің орынбасары Оңтүстіктегі параның ставкасын 60 миллион теңгеге көтерді. Осылайша Шымкент пен Түркістанда параның «рекорды» жыл сайын жаңаратын дәрежеге жетті. Бұл нені білдіреді? Ақшаның құнсызданғанын ба әлде коррупцияға қарсы күрестің жай ғана көзбояушылық екендігін бе?

Айтпақшы, жуырда Шымкентте перинаталдық орталықтың бас дәрігері, уақтысында  қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарған Тимирхан Варзиловқа  сот үкімі шықты.  Ол да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып бойынша (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану бабы)  кінәлі деп танылды. Өзгелер қазынаның қаржысына қол салды деген айып бойынша сотталып жатқанда, Варзилов қарамағындағы әріптестерінің сыйақысына көз алартқан.

Еңбекші аудандық соты шығарған үкімге қарағанда, Варзилов пен оның орынбасары С.Новикті құзырлы органдар арнайы бақылауға алған. Олардың кабинеттеріне, тұрғын үйлеріне бақылау камералары қойылған, телефон қоңыраулары тыңдалған. Соған қарағанда тиісті орындарға бас дәрігер мен орынбасардың шикі тірліктермен айналысатыны туралы ақпараттар алдын ала түскенге ұқсайды.

    Былтыр тамызда Конституция күні қарсаңында мекемедегі бас дәрігердің міндетін уақытша атқаруға кіріскен С.Новик  (бас дәрігер Варзиловтың өзі бұл кезде еңбек демалысында болған) ұжымға сыйақы бергізген. Әр дәрігерге берілген сыйақының көлемі 450 мың теңгеге дейін барған. Тапсырма бойынша олар алған ақшаларының жартысын С.Новиктің өзіне әкеліп берген. Новик бұл ақшаға мекемеге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп сендірген. Алайда ол ақшаларды жинап алып, үш бөліке бөлген. Екеуін өзінде қалдырып, арнайы пакетке салынған бір бөлігін Варзиловтың үйіне оның хатшысы арқылы беріп жіберген. Дәрігерлерге сыйақы беріп, оның жартысын қайта жинап алу бас дәрігер мен оның орынбасарының өзара ойласқан ортақ тірлігі екендігі екіарадан тыңдалған телефон байланыстары, кабинеттегі бейнебақылау камерлары арқылы дәлелденген.     Сыбайластардың иеленіп кеткен заңсыз қаражатының көлемі 2 миллион 880 мың теңгені құраған. Варзилов осындай жолмен пайда табуды үйреншікті әдетке айналдырған сияқты. Себебі тексеру барысында бір ғана 2020 жылы қызметкерлерге 5-6 мәрте сыйақы берілгені және сыйақыны ылғи белгілі бір дәрігерлердің алатыны анықталған. Мұның арғы жағында әрине, күдікті нәрселер көп. Бірақ күдіктің дәлелге жатпайтыны түсінікті ғой. Бірақ Варзилов сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ал Новик кінәсін жартылай мойындап, сыйақының жартысын дәрігерлердің өз еріктерімен әкеліп бергенін алға тартыпты. Ол тіпті қылмыстық әрекет бойынша келтірілген шығынды да төлеген.

Сот үкімімен Тимирхан Варзиловқа 5 513 400 теңге, Сергей Новикке 4 594 500  теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. (бірақ сотталушылардың бұған дейін қамауда, үйқамақта отырған мерзімде жазадан шегеріліп, айыппұл көлемі 3 миллион теңгеге дейін төмендетілген). Әзірге үкім күшіне енген жоқ.

Ал енді Шымкенттегі осындай жемқорлыққа қатысты тұтқындаулар мен үкім үшін қандай басшының тәртіптік мәселесі қаралады? Қай шенеунік отставкіге арыз жазатыны туралы мәселені талқылауды уақытты еншісіне қалдырдық.  

"Рейтинг" газеті, 26 сәуір 2023 жыл. 

Шілдеден бастап аптасына төрт күн ғана жұмыс істейміз бе? - Ведомство өкілі нақтысын айтты
Тоқаевтың тапсырмасы Бедебаевқа жүрмей ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу