Тоқаевтың тапсырмасы Бедебаевқа жүрмей ме?

Oinet.kz 26-04-2023 629


 Screenshot_2.png

Өткен аптада Үкімет мүшелері, облыс, аудан, қала әкімдерінің басын қосып Ақордада алқалы жиын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су саласындағы біраз өзекті мәселенің шетін қайырды, нақты тапсырмалар берді.

-Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс,-деген мемлекет басшысы «Қазсушар» кәсіпорнын қайта құрылымдау жөнінде міндет жүктеді.

Тоқаев тапсырманы сәрсенбіде берді. Ал бейсенбіде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына есеп беруге келген «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев бұл туралы жарытып білмейтін болып шықты.  Шенеунік «күні кешегі Тоқаевтың жиынында не айтылды?» деген сауалға дұрыс жауап қата алмай  тосылды. Мұндай бейхабарлықтың арғы жағында арқаны кеңге салған жайбарақаттық жатқан жоқ па? Неге десеңіз, төтенше жағдайларға апарып соғуы мүмкін деген каналдардың біразы қыс пен көктемде су тасқынына жиі ұшырайтын Түркістан облысында емес пе?

Облыстағы ағын суға жауапты шенеунік Төле би ауданында қанша канал барын айта алмай «28 каналымыз бар» деп тағы шатасты. Ал, Төлеби аудандық әкімдігінің мәліметі бойынша 74 канал бар. Оның ішінде 38 канал «Төлеби су шаруашылығы» МКК-не қарасты, 36 канал –«Казсушар» РМК меншігінде. Бұл каналдардың дені бетондалмаған. Таулы аймақта жатқан Төле биде көктемде жаңбыр қатты болады. Соның салдарынан каналдардың жан жағы опырылып құлап, іші лай, ұйыққа толып қалады. «Қазсушар» оларды уақытында тазаламайды. Егер кәсіпорын өзінің балансындағы нысандарға бас–көз бола алмаса, онда меншігіне неге алады? Шаруалардың каналдарға қатысты жанайқайлары ақпарат құралдарынан жиі жарияланады. Алайда Тоқаевтың айтқанын тыңдамайтын Бедебаевтың елдің, шаруаның жанайқайына құлақ түреді дегенге сенесіз бе? Аудандағы каналдардың санын білмейтін атқамінер оларды бетондау, тазалау мәселесіне бас ауыртады дегенге иланасыз ба? Мұндай басшыға екі бірдей облыстың халқы қарап отырған Шардара, Көксарай сияқты стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін сеніп тапсырып қалай тыныш ұйықтаймыз?

Жиында Бедебаев «Көксарай жанындағы полигонда әскерилер жарылыс жасайды» деген ақпаратты жоққа шығарған жоқ. «Жоғарыға хат жазып тыңдата алмай отырмыз» деп балаша бұртиды. Сырдарияның Көксарайға су тастайтын бір бөгеті толық ашылмайтынға ұқсайды. Егер қатты су келіп қалса, не болады? Яғни, «Қазсушар» төтенше жағдайға дайын емес деген сөз. Шәуілдірде үстемелік каналдың құрылысы тоқтап қалған. Мердігер тендерді ұтып алғанымен, мойнына алған міндетін орындамай тастап кеткен көрінеді. Соның салдарынан шіліңгір шілдеде су жетпей, шаруалар зар илеп қалады. Алайда жиында Бедебаев бұл мәселеге де жартымды ештеңе айта алмады. Жұмысын білмейтін басшының кесірінен жыл сайын су нысандарының құрылысына миллиардтарды алатын «Қазсушарда» халықтың есіл еңбегінен құралған теңгелерді талан таражға түсіп жатпағанына кім кепіл?

Елдің амандығы үшін алдымен жауапсыз басшыдан ертерек құтылуымыз керек шығар.


60 миллиондық параның артында кім тұр? - Шымкентте жемқорлық өршіп барады
Мәсімов сотталды - Бірақ бұл қаңтар құпиясын аша алған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу