Полицейлер алимент төлемей қашып жүргендердің автокөліктерін ұстап жатыр
Павлодар облысында алимент төлемей қашып жүрген әкелердің көлігін ұстап жатыр, деп хабаралайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Биылғы тоғыз айда облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері алимент бойынша 21 миллионға жуық қарызы бар азаматтардың 56 автокөлігін айыппұл тұрағына жіберді», - дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Полиция капитаны Медет Қайырбеков балалары үшін 375 568 теңге көлемінде алимент төлемеген 43 жастағы павлодарлық азаматтың «OPEL FRONTERA» автокөлігін ұстады.
«Автокөлік Павлодар қаласының айыппұл тұрағына жіберілді. Ер адам алиментті төлегенше жаяу жүре тұрады немесе сот орындаушылары оның автокөлігін саудаға салады», - деп мәлім етті ведомстводан.