Сауран ауданы: Мал саулығы – ортақ жауапкершілік
Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде шегірткемен және қора-қопсыдағы зиянкестерге қарсы күрес жалғасуда. Атап өтерлігі ауданның ветеринариялық дәрігерлері күн сайын аудан тұрғындарының төрт түлігі мен үй жануарларының саулығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Мамандар жануарларды клиникалық қарап-тексеру, емдеу, профилактикалық іс-шаралар жүргізу және ветеринариялық көмек көрсету жұмыстарын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ егістік алқаптардағы шегіртке мен басқа зиянкестерді жою бағытында шаралар қоса атқарылуда.
Бүгінгі күні Сауран ауданында шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары аяқталған. Қазіргі таңда мал қораларын залалсыздандыру мен шіркейге қарсы дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Шара аумақтағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында қолға алынған. Дезинфекция жұмыстары жергілікті әкімдік пен эпидемиологиялық қызметтің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Жұмыс барысында арнайы химиялық заттар мен құралдар қолданылып, ауылдың барлық аумағы мен тұрғын үй маңы толықтай өңделуде.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені тиімділігін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жүйелі шаралар нәтижесінде елімізде, соның ішінде Сауран ауданында шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толық аяқталып отыр. Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті кезең-кезеңімен жаңғырту, заманауи мониторинг технологияларын енгізу және қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру нәтижесінде еліміздегі химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 миллион гектардан 1,8 миллион гектарға дейін қысқарып, 42 пайызға азайған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ.
Қол жеткізілген нәтижелер зиянкестердің жаппай таралуына ден қою тәсілінен қауіп-қатерді ерте анықтау, ошақтарды жедел оқшаулауға және фитосанитариялық тәуекелдерді алдын алуға негізделген заманауи басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, биыл Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы күрес науқаны ерте басталып, кең ауқымда жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында болды. Ал мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары қалыптасқан құрғақшылық шегірткелердің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Осыған байланысты фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өңірдегі негізгі міндеттердің біріне айналған.
Биылғы ерекшеліктің бірі – заманауи технологиялардың кеңінен қолданылуы. Дрондар мен авиация көмегімен жүргізілетін өңдеу жұмыстары уақыт үнемдеп қана қоймай, нәтижелілікті арттыруға ықпал етуде. Жүргізілген шаралардың биологиялық тиімділігі 85-95 пайызға дейін жеткен.
Күрес жұмыстары тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Агротехникалық шаралар да қатар жүргізілуде. Ауданда жер жырту арқылы да зиянкестердің көбеюіне тосқауыл қойылды. Мамандардың сөзінше бұл тәсіл зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді екен.
Жалпы алғанда, Сауран ауданында шегіртке мен зиянкестерге қарсы күрес жүйелі түрде ұйымдастырылып, барлық қажетті ресурстар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Ендігі міндет – әр ауыл мен ауылдық округ деңгейінде жұмысты үйлестіріп, науқанды сапалы әрі мерзімінде аяқтау. Кешенді әрі үйлесімді шаралар нәтижесінде өңірдегі фитосанитариялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға толық мүмкіндік бар.
Осы ретте атап өтерлігі, аудан аумағындағы ветеринариялық дәрігерлер тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етіп, ауыл шаруашылығы жануарларының саулығын сақтауға және ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда.


